Цифрлық құрылғыларды тұрақты түрде қолданатын егде жастағы адамдарда деменцияға шалдығу қаупі едәуір төмендейді. Бұл туралы АҚШ-тағы Бейлор университеті мен Техас университетінің Делл медициналық мектебі жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды 7-su.kz тілшісі.
Ғылыми мақала Nature Human Behavior журналында жарияланған. Зерттеу аясында ғалымдар 400 мыңнан астам адам қатысқан 136 түрлі ғылыми жұмыстың деректерін саралаған. Нәтижесінде, компьютер, смартфон және өзге де цифрлық құрылғыларды үнемі пайдаланатын жандарда когнитивтік (танымдық) бұзылыстар қаупі 58 пайызға төмен болатыны анықталған.
«Сандық деменция» туралы пікірлерге қарсы тұжырым
Бұл жаңалық қоғамда кең тараған «гаджеттер миға зиян», «смартфон ақылды азайтады» деген тұжырымдарға мүлдем қайшы келеді. Керісінше, зерттеу авторлары технологияны дұрыс пайдалану ми қызметін жақсартып, жастың ұлғаюына қарамастан ақыл-ойдың сергектігін ұзақ сақтауға ықпал ететінін алға тартады.
Цифрлық құрылғылар миға қалай әсер етеді?
Ғалымдардың айтуынша, технологиялар ми қызметін бірнеше бағытта жетілдіреді:
-
Технологиялық резерв қалыптастырады. Жаңа құрылғылар мен қосымшаларды меңгеру – есте сақтау, зейін мен логикалық ойлауды жаттықтыратын тиімді құрал.
-
Әлеуметтік байланыстарды нығайтады. Қариялар мессенджерлер мен бейнеқоңыраулар арқылы жақындарымен жиі сөйлесіп, жалғыздық сезімінен арылады. Бұл өз кезегінде деменция қаупін төмендетеді.
-
Тәуелсіз өмір сүруді жеңілдетеді. Электронды күнтізбе, онлайн-банкинг, еске салғыш секілді функциялар егде жастағы азаматтарға күнделікті тұрмыста белсенді әрі дербес болуға көмектеседі.
Қарияларды технологиямен достастыру қажет
Зерттеу авторлары қарттарды технологиялық прогрестен шеттетпеуді ұсынады. Керісінше, оларды құрылғыларды қауіпсіз әрі тиімді қолдануға үйрету – когнитивтік денсаулықты сақтау жолындағы маңызды қадам.
– Фото түсіру, күнтізбе қолдану сияқты қарапайым функциялардың өзі егде жастағы адамдардың ақыл-ой белсенділігін сақтап қалуға көмектеседі, – дейді мамандар.
Фото: depositphotos.com





