Жазиралы мекен саналған Жаркент жерінің әлеуеті зор. Жетісу облысының шегаралық аймағы халқының саны және әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан жетекші өңір санатында. Облыс құрылғаннан бері Панфилов ауданында 6 жаңа мектеп, 21 медициналық нысан салынған. Аталған істерді айшықтап, әлеуметтік және инвестициялық объектілердің жұмысымен, өркенді өңірдің тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы Жаркент топырағына ат басын бұрдық.
ЖАН ЖАДЫРАТАР «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП»
Республикалық, облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен екі күндік пресс-турдың алғашқы күнін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған Жаркенттегі 1200 орынды орта мектептен бастадық.
Жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған бұл заманауи білім ордасында балалардың алаңсыз білім алып, шығармашылық еркін дамуына барлық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда 1075 оқушы білім нәрімен сусындап жатқан алтын ұя туралы мектеп директоры Айгүл Дәрубаева кеңінен баяндап берді.
– Мектепте 64 сынып бар, соның алтауы – touch- экрандары бар жаңа модификациядағы кабинеттер, онда оқушылар химия, физика, биология пәндерін, робототехника, STEM, нанотехнологияны меңгереді. Сонымен қатар екі информатика кабинеті, 258 орынды кең акт залы, екі оқу залымен кітапхана, 230 орынды асхана, би залы бар. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ерекше жағдайлар жасалған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимаратта бейнебақылау, дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылған. Материалдық жабдықтарға бай шеберханалар, кітап оқуға, оқушылардың шығармашылық дамуы мен демалуына арналған коворкинг аймақтары, сондай-ақ, балаларға арналған арнайы ойын алаңы мен спорт алаңдары жасақталған, – дейді.
Мектеп директорының айтуынша, мұнда балалар бір ауысымда оқиды. Ал түстен кейін мектептің хореография залында би, спорт зал мен алаңдарда волейбол мен баскетбол және басқа да тегін үйірмелерге қатысады. Барлық пәндер бойынша ақысыз қосымшалар жүргізіледі. Сонымен қатар, жанға жайлы білім ошағындағы 607 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған.
ҚАЛАҒА ҚОСЫЛАР АУЫЛ
Заманауи білім ошағынан кейін журналистер қауымы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н. Головацкий атындағы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл елді мекеннің болашағы зор. Бір кездері Жаркент қаласынан қашық жатқан ауыл адамдардың көп шоғырлануына байланысты және құрылыстың қарқынды жүруінен бүгінде шаһарға қосылады деп күтілуде.
Ауыл орталығындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін көз тартарлық кейіпке енген.
Кезінде Николай Головацкийдің ықпал етуімен салынған мұндай көрнекті мәдениет ошағы кез келген ауылда кездеспейді. Ауыл тұрғындары жекеменшікке өткен, жөндеусіз жүдеу күйге түскен мәдениет нысанының болашағы үшін алаңдап, аудан және облыс басшылығымен болған кездесулерде күрделі жөндеу қажеттігі туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәдениет ошағының жай-күйіне назар аударып, осы мәселенің шешілуіне ықпал етті. Нәтижесінде су жаңа салынғандай жарқырап тұрған Мәдениет үйі көңіл мен көз сүйсінтеді.
Жалпы көлемі 3570,25 шаршы метрді алып жатқан, 21 бөлмеден тұратын Мәдениет үйі 660,5 миллион теңгеге жөндеуден өткен. Ғажайып мәдениет ошағы ауылдың аудан орталығына қосылуына байланысты бірнеше айдан кейін жаңаша статусқа ие болмақ. Нақтырақ айтсақ, аудандық Мәдениет үйі болады.
Ауыл ажарын айшықтап тұрған тағы бір нысан 210 орынды «Жаскент» жекеменшік балабақшасы. Бір кездері «Қорғас» ХШЫО-ның бұрынғы әкімшілік ғимараты болған бұл нысанды кәсіпкер Тұрсын Кончибаева сатып алып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 200 млн. теңгеден астам сомаға күрделі жөндеу жүргізген. Кәсіпкер ғимаратқа газ қостырды, балабақша ашып, 20-дан астам адамды жұмысқа орналастырды.
ТАЛДЫДАҒЫ ТАРТЫМДЫ ІСТЕР
Жаскенттегі жарасымды дүниеге көзайым болғаннан кейін Талды ауылдық округіне беттедік. Аталған округтің орталығы Талды ауылы бүгінде жасанған, жайнаған елді мекен санатында. Әуелі БАҚ өкілдері демеушілер салып берген «Таусамалы» мәдениет және демалыс саябағына барып, ағаш екті. Жалпы аталған саябаққа 13 мың ағаш егілген.
Мұндағы іргелі жұмыстар жайлы округ әкімі Қуандық Әшіржанов баяндады.
– Біздің Талды ауылы – Панфилов ауданының үлгілі елді мекендерінің бірі, мұнда 5 мыңнан астам адам тұрады. Жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалып, ауылда мектеп, 2 балабақша, амбулатория, Мәдениет үйі жұмыс істейді. Жақын арада газдандыру жұмыстары басталады. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтарға арнап 16 үй салынуда. Оған қоса, 300 орынды жаңа мектеп салынып жатыр, – деді ол.
Аудан әкімінің орынбасары Дидар Ешеновтың айтуынша, білім беру нысанын салу 2024 жылдың маусым айында басталған. Осы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
– Бұл мектеп арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынуда. Біздің талдау жасап, ұсынуымызбен жаңа мектеп құрылысы сол бағдарламаға енгізіліп, қаражаты бөлінді. Жалпы құны 2,7 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстары тамыздың соңында аяқталуы тиіс, дегенмен, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жұмыс кестесінен едәуір алда келеді. Сондықтан құрылысты бірінші тамызда аяқтаймыз деген жоспар бар, – деген Д. Ешенов жаңа білім ордасының жабдықталуы «Жайлы мектептен» еш кем түспейтінін және оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің үміттері толығымен ақталатынын жеткізді.
Талды ауылындағы тағы бір тартымды іс – ауыл азаматтары мен кәсіпкерлерінің қаржысына салынып жатқан бір отбасылық 20 және 2 отбасылық (қоржын үй) 8 үйдің салынып жатқаны. Ауыл халқы мен кәсіпкер азаматтарының демеушілігімен бой көтеріп жатқан бұл баспаналар бітуге таяу. Мұнда әлеуметтік осал топтағы жандар мен ауылдағы көпбалалы ата-аналар және жас мамандар қоныстанбақ.
ЖЕРІ МАНАТТЫ, ЕЛІ САНАТТЫ
Талдыдағы тартымды істерге көзайым болған БАҚ өкілдері мұнан кейін Жаркент қаласындағы жаңа шағынаудандағы пәтерлермен, Алтыүй ауылындағы дәрігерлік амбулаториямен және Үлкен Шыған елді мекеніндегі спорт кешенімен танысып қайтты.

Жалпы жазиралы мекен бойынша жергілікті халықты баспанамен қамтамасыз ету шарасы көңіл қуантарлық деңгейде жүзеге асырылуда. Бұл туралы аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ілияс Жаяжұма баяндады. Оның айтуынша, былтыр 620 отбасыға баспана кілті табыс етілген екен. Бұл үрдіс биыл жалғасын тауып, жыл соңына дейін түрлі санаттағы кезекте тұрған азаматтарға 300 пәтердің кілті табысталмақ. Бұл негізде кезектегі жалпы 5695 адамның саны 7 пайызға азаяды деп көзделуде.
Айта кетуіміз керек, аудан бойынша 2022 жыл мен 2024 жылдың аралығында құны 30,2 млрд. теңге құрайтын жалпы алаңы 191,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. 2023 жылы аз қамтылған отбасылары үшін 717,7 млн. теңгеге 60 тұрғын үй сатып алынса, 2024 жылы 145 тұрғын үй сатып алуға 2, 5 млрд. теңге бөлінген. Ал биыл 150 тұрғын үйді 2,6 млрд. теңгеге сатып алу жоспарланып отыр.
Бүгінде Алтыүй ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория емделушілер мен науқастарға сапалы қызмет көрсетуде. Мұнда 18 маман жұмыс істеуде және зертхана, күндізгі стационар сияқты стандартты медициналық қызметтерден басқа, оңалту орталығының жұмысы қарастырылғанын айта кеткен жөн.
Ал жас спортшыларды ел, аймақ деңгейіндегі бәсекелерге қатыстырып, чемпиондарды шығарып жатқан Үлкен Шыған ауылындағы 90 орынды спорт кешенінің де жұмысы жанданған. Мұнда Дзюдо, бокс, волейбол секілді кең тараған спорт түрлерінен 10 секция жұмыс істейді.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР
Жетісу облысының Қытаймен шегаралас аймағындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында бүгінге дейін 28 жоба пайдалануға берілген. Мұнан бөлек, тағы 40-тан астам жоба жүзеге асырылу сатысында. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд. теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд. теңгеден асады. Бүгіннің өзінде 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылған экономикалық аймақтың тыныс-тіршілігі көңілге қуаныш ұялатады.

Пресс-турдың екінші күнінде журналистер қауымы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инвестициялық жобаларымен танысты. Оның аумағында күн панельдерін, болат бұйымдарын, тоқыма өнімдерін, құрамажем, подгузник, кофе және тағы басқа өнім шығаратын өнірістерді аралады.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да Сингапур брендімен танымал «MacCoffee» 3х1 шай және кофе шығаратын «Empire Manufacturing Kazakhstan» ЖШС компаниясы 6 млрд. теңгеден астам сомаға инвестициялық жобаны іске асыруда. Дайын өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі, содан кейін Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан, Грузия, Армения, Тәжікстанға экспортталады.
Ал «Майами Solar» ЖШС компаниясы американдық технология бойынша күн батареяларын өндіруге 1,1260 млрд. теңге инвестиция салды. Зауыт құрылысы кезінде және іске қосылғаннан кейін 67 адам жұмыспен қамтылмақ. Жобаның қуаттылығы жылына 100 Мвт. күн панелін өндіруге жетеді. Барлық өнім АҚШ пен Еуроодаққа мүше елдерге экспортталады. Алғашқы өнім легі наурыз айында АҚШ-қа жіберілген. Күн панельдерін өндіруде еуропалық ең озық технологиялар мен жабдықтар қолданылады.
Еркін экономикалық аймақта орналасқан нысанның бірі – жылдық қуаты 60 мың тоннадан асатын «SSA Feed Mills» ЖШС құрамажем зауыты. Бір айда мұнда жүгері, бидай, бидай кебегі, арпа, соя және өзге де 20-дан астам шикізат түрінен 250 тоннадан астам сапалы өнім шығарылады.
«Standard Steel KZ» ЖШС металл плиткаларын, гофрленген тақтайшалар мен металлосайдинг шығарады. Маңызды жобаны іске асыруға компания 0,27 млрд. теңге жеке инвестициясын құйды. Толық қуатына шыққанда зауыт тәулігіне 10 тонна металл бұйымдарын өндіреді деп жоспарлап отыр.
Өз кезегінде Қазақстан–Қытай шегарасындағы Алтынкөл теміржол стансысына барып, еліміздің көлік саласының халықаралық маңызы бар орасан зор жобасы саналар теміржол магистралінің жұмысымен таныстық. Бүгінде аталған стансы тасымалдау көлемін ұлғайта отырып, Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы мен Орталық Азия елдеріне мыңдаған контейнерлер жібереді.
Атап өтсек, бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақта 70 қатысушы тіркелген. Оның ішінде 28 жоба пайдалануға берілді, тағы 40-тан астамы іске асырылу сатысында. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд. теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд. теңгеден асады. Аймақта қазірдің өзінде 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды, жаңа өндірістер іске қосылғаннан кейін олардың саны 5000-нан асады деп күтілуде. Өндірілген өнім көлемі 81,6 млрд. теңгені, ал түрлі деңгейдегі бюджеттерге түсетін салық түсімдері 9 млрд. теңгеден асқан.
Екі күнге жалғасқан пресс-тур соңында Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен айтып берді.
– Экономикалық даму жағынан мүмкіндігі жоғары ауданымызда соңғы 3 жылдың ішінде тек қана білім саласының өзінде 6 елді мекенге жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. 6 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Биыл Д. Рақышев атындағы мектептің құрылысын тамыз айының аяғына дейін бітіріп, 1 қыркүйекте іске қосамыз. Денсаулық саласында 3 жылдың ішінде 21 елді мекенде жаңа ғимараттар салынды, 7 елді мекендегі медицина ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Біздің аудан халық өсімі жағынан бірінші орында, жылына кем дегенде 3200-3500 бала дүниеге келеді. Сондықтан перзентхананың ғимаратына жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Үш жылдың ішінде бізде кәсіпкерлердің көмегімен 6 спорт кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар, инфрақұрылым мәселелеріне де назар аударып келеміз. Көктал мен Сарыөзек арасындағы 78 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ауылішілік жолдар да назардан тыс қалмайды. Газбен қамту бойынша биыл 25 елді мекенге көгілдір отын жеткізуге қаражат бөлінді. Бес елді мекенге су құбыры жүргізілді. Көгалдандыру бағытында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданда 15 мыңға жуық ағаш отырғыздық, – деді ол.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: Дмитрий ЕРОФЕЕВ





