«Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бастамасымен облыстық кәсіпкерлер палатасы осы акционерлік қоғам өкілдерінің жергілікті тауар өндірушілерімен кездесу ұйымдастырды.
Мақсат – «Экспорттық акселерация – 2025» бағдарламасы аясында халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін түсіндіру. Бағдарлама жайында «Qaztrade» нарықтарды зерттеу және талдау орталығының жетекшісі Дәур Чигамбаев ақпарат берді. Ол бағдарламаға қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер маркетинг саласында құнды білім алатынын, компаниялардың өнімді шетелдік нарықтарға жылжыту әлеуетін болжауға үлкен мүмкіндік беретінін, сондай-ақ, табысты жаттықтырушылардың көмегімен бизнесмендерге мақсатты нарықты, әлеуетті серіктестерді таңдауға ықпал ететінін және экспорттық қызметке қажетті құжаттар пакетінің мазмұнын айтып береді.
– Сонымен бірге бағдарламаға қатысушылар әлеуетті шетелдік әріптестермен байланыс орнату мүмкіндігі бар В2В-кездесулерге қатыса алады, – деді спикер.
Бұған қоса Дәур Чигамбаев «Экспорттық акселерация – 2025» бағдарламасының артықшылықтарына тоқталып, оған машина жасауды, өңдеуді, өндіруді және химия, тамақ өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіпті дамытатын қызметті жүзеге асыратын субъектілерді тарту тиіс екенін назарға алды.
– Бағдарламаға қатысу қызмет көрсетушілер үшін қолжетімді. Бұл оларға халықаралық байланыстарды дамытуға және өз қызметтерін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді «Qaztrade» нарықтарды зерттеу және талдау орталығының басшысы.
Дәур Чигамбаев бағдарламаға қатысу үшін биыл еліміздің 120 кәсіпорны, сонымен қатар тәжірибелі компаниялар мен кәсібін жаңа бастағандар іріктелетінін айтты. 2027 жылға қарай Қазақстанда 1200-ден аса белсенді экспорттық компания құру жоспарлануда. «Экспорттаушылар үшін қандай елдердің нарығына шығу ашылып жатыр?» деген сұраққа спикер «бұл Орталық Азия, Таяу Шығыс, ҚХР, РФ, Әзірбайжан және Түркия елдері» деп жауап берді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: qaztrade.org.kz





