Жылыту маусымы аяқталғанымен келер шақты бүгіннен ойлап, оған дайындық жұмыстарын жүргізу басталды. Осы тұрғыда облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов Талдықорған қаласының 6-8-ықшамаудандарды жылумен қамтамасыз етуге арналған қазандықтардың құрылысымен танысып, «Жастар-3» шағынауданындағы газ тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты көрді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жылдың соңына дейін 63 елді мекен газға қосылады, соның ішінде 45 жобаның жұмысы қазір жүріп жатыр, 18-інің жобалық-сметалық құжаты дайын»,– деген болатын. Газ құбырын және тарату желісін салу бойынша «Жастар-3» тұрғын үй алабы дайын. Бұл жөнінде облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қарасты энергетика және газ бойынша жауапты маман Азамат Кемелов: «Алдымен жоғары қысымнан қосылатын 44 метр газ құбырын істейміз. Одан кейін салынып болған үйлерге бағыттап құбыр жүргіземіз. Ретімен үйлер салынып болған соң, төменгі қысыммен әр үйге көгілдір отын құбырын кіргіземіз. Бұл жұмыстар қыргүйектің басында аяқталады. Құрылыс бойынша он күн бұрын ғана келісімшарт жасалды. Дәл қазір жұмысшылар, техникалар келіп жатыр, материалдарға тапсырыс берілді. Келесі аптада құрылыс жұмыстары басталады» – деді.
Естеріңізге сала кетейік, ақпан айында әлеуметтік осал топтар арасында тұрғын үй кезегінде тұрған 23 отбасына пәтер кілтін табыстаған кезде Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл: «Жоспар бойынша 740 жер үй болады. Жеке үй 76 шаршы метр. Биыл облыстық бюджет арқылы жылдың аяғына дейін ақша бөлінсе, газ жүргіземіз деп отырмыз» деген болатын.
Бүгінгі таңда қала тұрғындарының 99 пайызы 54,4 мың абонент газға қол жеткізеді. Былтыр 4000-ға жуық абонент қосылды. «Үйтас» саяжай алабы, «Жастар-2» және «Ынтымақ» шағын аудандары 2023 жылы табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 2024 жылы Мойнақ ауылында 23,9 км. газ желілерінің құрылысы және «Талдықорған қаласы 22-а іске қосу кешені» жобасы аяқталды. Алмалы, Ащыбұлақ, Мерекелік, Сарыбұлақ, Қызыл тас, Балықты, Қаратал және Бірінші бөлімше 8 саяжай алаптары бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу бітті.
Әсет Серікұлы көрген тағы бір нысан – Талдықорғандағы оңтүстік-батыс шағын ауданынан бой көтеріп жатқан қазандық. Қуаты сағатына 49 ГКп жылу таратады. Бүгінде алаңда 50-60 жұмысшы жүр. Құрылыс алаңындағы басшы Ғабит Құрманбеков: «Бұл жерге 6 қазандық қойылады, екеуі келді. Қазір металконструкциясы құрастырылуда. Бүгінде 20-30 пайызы дайын. Қазан айына дейін бітіреміз» деді. Бұл қазандық іске қосылатын болса, қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған «Басқуат» қазандығындағы салмақ жеңілдер еді. Жұмысшылармен кездесіп, құрылысты көріп, істің мән-жайына үңілген Әсет Серікұлы «Алдағы жылыту маусымына үлкен тәуекел жасап отырмыз. Мәселен, облысқа республикадан былтыр 2 млрд. биыл 4 млрд. теңге бөлінді. Құрылысты аяқтап, биыл іске кірісейік», – деді өз сөзінде.
Серік ҚАНТАЙ





