Дәл қазір малшылар қауымының қауырт шағы. Мал төлдеп, қоралар азан-қазан шуға толатын мезгіл.
Көктемгі мал төлдету науқанының қызығы мен шыжығы қатар жүрері белгілі. Қызығы бір қозы қарны тойып, күнге қыздырынып жатса, ал кейбірі жамырап енелерін іздеп әлектенеді. Ал қиын тұсы түн ұйқысын төрт бөліп, күзетіп, қойдың басына бас төл алу. Осы орайда текелілік малшылар аянып жатпағанын айта кеткен жөн.
Текелі қаласы бойынша биылғы төл алу науқаны басталып кетті. Қазіргі уақытта 2300 қой мен ешкінің 700-ден астамын төлдетіп, 820 бас қозы алып отыр. Енді төлдейтін 1450 ұсақ мал бар. Бастысы бұл науқанды шығынсыз өткізу.
Жалпы моноқалада 1270 аналық ірі қара мал бар. Оның осы уақытқа дейін 305 басы төлдеген. Бұл жоспардың 24 пайызын құрайды.
Жылқы малының саны 430. Қазірге дейін мұнда 15 бие құлындаған.
Медет ЖҰМАБАЙ
Текелі қаласы





