Тегінде қазақ тойды тірліктің таразысы, берекенің белдеуі санаған. Ақ отаудың түтіні түзу ұшсын деп, жұрт жиналғанда әуелі бата беріп, сөзі сүбелі, ойы өрелі қариялар төрге шығарылған. Сол кезде отырысты думан қылған өнер иесі сөз шебері, елдің көркі болған көшелі кісілер еді. Олар тек ойын-күлкімен әрлеп, тойдың сәнін кіргізіп қоймай ақ пен қараның арасын ажыратып, ұрпаққа өнеге көрсететін. Сөзбен өрнек салып, әрбір әулеттің ата дәстүрін ардақтай білген.
Сол бір асыл жолдың ізбасары іспетті думан басындағы жүргізушілердің жүгі ауыр еді. Жүгі ауыр-ау, алайда иығы әлсіз, сөзі көмескі, ойы тұман тартып бара жатқанын мойындауға тура келеді. Өйткені бүгінде елдің алдына шығып, мінберге емес, мінбеге айналған кейбір асабаның сөзі жұтаң. Салмақты сөздің орнына сайқымазақ сарындағы әзілі жүр. Күлкі үшін арды саудалаған, қызық үшін тектілікті аяққа таптағандар көбейді.
Қазіргі жиын-тойдың төрінен көрінетіндер көпті күлдіремін деп ұлттың ұятына селкеу түсіріп жүргендер. Етек-жеңі кең елдің ертеңін ойлағаны қайда, қызылды-жасылды думанмен желік қуғанның, жеңіл сөзге желігіп алғанның айтары қайырсыз. Жаттанды мәтін, әдепсіз ойын елдің тойын берекеден жұрдай етіп барады. Ортада билеген жартылай жалаңаш жастарға қол соғып мәз болған жұрт ұят пен ұлықты ұмытып, бір сәттік қызықтың жетегінде кетуде.
Кешегі ел ағасы саналатын жасы үлкендердің өзі желіде қызу талқыға түсу үшін жастармен жарысып билеп, ел алдында езу жиғызатын ерсі қылықпен көрініп жүр. Салтанат үстінде сұлу сөз, әдемі тілек айтудың орнына елдің есін шығарғандар жетіп-артылады.
Асабалық – құр күлдіріп, қол соқтыратын емес, елдің рухына дем беретін, өнеге мен өрнекті қатар алып жүретін, сөзбен тәрбиелейтін биік өнердің бірі еді. Қазіргі жүріс атасы мен немересіндей баланы ортаға шақырып ұятсыз ойын ұйымдастырып, салт-дәстүрді шоуға айналдырғандар күн санап көбеюде. Олардың бар мақсаты – қалта қалың болсын, қалғаны жайына қалсын. Ақшаны алған соң ардың үстінен аттап кетуге еш шімірікпейді.
Ел ішінде етек жайған бір сорақы жайт – осы қарапайым жұрттың қалтасын қағып «әкесінің құнын сұрайтындар». Бір тойға миллион, кейбірі екі миллион теңге гонорар алады. Сөздің парқын емес, ақшаның нарқын бағалайды. Халықтың жағдайын елемейді. Бір үйдің жылдық табысын бір күндік желікке айналдырады. Әйтпесе жылдап пәтер жалдап, қарызданып жүріп қызын ұзатқан қазақтың қуанғысы келмейді емес қой. Бірақ қуанышына ортақтасатын емес, үстінен ақша суырғысы келетіндер артты. Ондай той бақыт емес, баспанаға бөгет, болашаққа кедергі.
Асылы, елдің сөзіне ілік емес, тілек айтатын, көрерменге емес, көпке қызмет қылатын жан керек еді. Есесіне, тойға барған елдің көңілі күпті. Шынтуайтында, думан қазақтың айнасы еді. Қазір сол айнадан арыған сөз, жүгенсіз қылық көрінетіні жүректі ауыртады.
Салты мен сана-сезімі терең жұрттың тойы тектіліктің мектебі болуы керек еді. Ендігі жерде елге ие болатын үлкендердің өзі үнсіз, ар мен ұяттың туын ұстауы тиіс болған тұлғалар да тізгін босатып барады.
Той жүргізушісі халықтың бет-бейнесі, ең алдымен ұлттың мәдениетін танытушы. Сол себепті де мінберге шыққан әр сөз иесі ардың адамы болуға тиіс. Салмақты сөйлеу, салиқалы ой айту ел алдындағы міндет. Ақша үшін арын сатқан жаннан өнеге іздеу құр әурешілік.
Сөз киесімен қадірлі. Қасиетті сақтай алмағанның сөзі желге айналады. Елдің төріне шыққан жанның сөзі елдің ертеңіне айналады. Сондықтан ел алдына шығатын әрбір адам терең ойлануы тиіс. Думанның дәмі тіл үйірерлік болсын десек, арды аяққа таптамайық. Егер қалта қалыңдаған сайын ұят жұқарып бара жатса, амал жоқ, жұрттың рухани дағдарысқа бет бұрғаны.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ




