Жетісу облысының Сарқан ауданында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар атқарылды. Тәртіп сақшылары «Жас жол инспекторларымен» тізе қоса отырып, жүргізушілер арасында арнайы рейдтік шара ұйымдастырды. Аталған бастама көлік иелерінің жауапкершілігін арттырып, көшедегі тәртіпті нығайтуды көздейді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Рейд барысында полиция қызметкерлері жүргізушілермен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үгіт-насихат парақшаларын таратты. Тәртіп сақшылары мен жас инспекторлар жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңызына тоқталды. Көлік тізгіндеген азаматтарға мектептер мен тұрғын үйлердің маңында жылдамдықты барынша төмендету, жаяу жүргіншілер өтпесінде басымдық беру және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын апаттардың алдын алу қажеттігі ескертілді. Мамандардың айтуынша, жүргізушінің бір сәттік зейіні баланың өмірін сақтап қалуға негіз қалайды.
Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның әрбір мүшесіне ортақ міндет. Полиция қызметкерлері: «Әрбір жүргізуші жолда мұқият әрі жауапты болуы тиіс», – деп атап өтті. Мұндай шаралар тек айыппұл салумен шектелмейді. Оның басты мәні – жол жүру мәдениетін қалыптастыру және өзара құрметке негізделген қауіпсіз орта құру. Сарқан ауданында өткен бұл акция өңірдегі жол қауіпсіздігі көрсеткіштерін жақсартуға және балалардың жазғы демалыс қарсаңында сақтық шараларын естен шығармауына оң әсерін тигізеді.
Инфрақұрылымдық даму мен қатаң қадағалау нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік туады. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдары осындай рейдтік іс-шараларды тұрақты негізде өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Саналы жүргізуші мен сауатты жаяу жүргінші қауіпсіз болашақтың кепілі.





