Жаңа оқу жылынан бастап елдегі барлық мектептер мен колледждерде балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг оқиғаларын азайтуға бағытталған отандық «ДосболLIKE» профилактикалық бағдарламасы іске қосылады. Бұл бастама білім беру ұйымдарында қауіпсіз, қолдаушы және өзара құрметке негізделген орта қалыптастыруды көздейді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше бағдарлама балалардың әл-ауқаты индексінің қағидаттары мен халықаралық және отандық нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес әзірленген. Сондай-ақ буллингке қарсы күрестегі үздік халықаралық тәжірибелер ескерілген.
Жоба алғаш рет еліміздің 9 өңіріндегі 50 мектепте сынақтан өтті. Апробация нәтижесінде ең тиімді тәжірибелер Астана, Алматы қалалары мен Абай және Жамбыл облыстарындағы білім беру ұйымдарында байқалды. Бұл мектептерде «шағым → талдау → көмек жоспары → қадағалау» үлгісі табысты қолданылып, арнайы антибуллингтік топтар мен кейінгі бақылау шаралары іске қосылды.
«Біз «ДосболLIKE» бағдарламасын буллингтің алдын алудағы тұрақты құрал ретінде қарастырамыз. Апробация көрсеткендей, мұғалімдер, ата-аналар мен балалардың бірлескен қатысуы жанжалдасу деңгейін төмендетіп, сенім мен сыйластық мәдениетін қалыптастырады», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Бағдарлама аясында мамандарды жаппай даярлау жоспарланған. Қазірдің өзінде 2,5 мыңнан астам педагог, психолог және білім беру қызметкері оқытылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 8 мыңнан аспақ.
«Жетісу-Ақпарат»





