Өмір өзгерістерге толы. Жағымды жаңалық барлық салаларға тән десек те ауыл шаруашылығындағы көзіміз көріп, көңілімізді өсіріп жүрген оңды өзгерістерге назар аудармау мүмкін емес.
Сарқан ауданында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі қарқынды жүргізілуде. Биыл өңір шаруалары жалпы құны 1 млрд. 2 млн. 920 мың теңгеге 57 дана жаңа техника сатып алды. Жағымды жаңалықтар туралы айтқанда егін шаруашылығына заманауи технологияны белсенді енгізіп жүрген Черкасск ауылдық округіндегі «Еремеев» шаруа қожалығын атап өткеніміз орынды. Соңғы жылдары қожалық алқаптарды өңдеу кезінде арнайы ауыл шаруашылық дрондарын тұрақты пайдалана бастады.
Бағасы шамамен 9 млн. теңге тұратын бұл техника сұйық тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау препараттарын дәл әрі біркелкі шашуға арналған жүйемен жабдықталған. Арнайы ыдыс дәрілік қоспалар мен витаминдерді жеткізуге бейімделген.
Қазіргі уақытта қожалық «XAG P100» маркалы дронды егістікті тыңайту ісіне қолданады. 50 литр сұйықтық немесе 50 килограмм құрғақ зат тасымалдай алатын дрон 10 метрге дейінгі өңдеу жолағын қамтып, сағатына шамамен 28 гектар жерді өңдейді. Автопилот жүйесі спутник арқылы басқарылып, жоғары дәлдікпен жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, мұндай технология еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, шығынды азайтуға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Дронның көмегімен тыңайтқыш пен химиялық препараттар көлемі үнемделіп, олардың егінге әсері тиімдірек болады.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ





