Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап құқық бұзған азаматтарға қоғамдық жұмыстар тағайындалатын болады. Бұл туралы Жетісу облысы полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы .
2025 жылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Соған сәйкес бірқатар құқық бұзушылықтар үшін қоғамдық жұмыс жазасы қарастырылды.
Қоғамдық жұмыстар мына құқық бұзушылықтарға қолданылады:
-
отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар (73-бап);
-
ұсақ бұзақылық (434-бап);
-
қоғамдық орындарды ластау (434-2-бап);
-
әдейі жалған арнайы қызметтерді шақыру (438-бап, 2-бөлік);
-
қоғамдық орындарда алкоголь ішу немесе мас күйінде жүру (440-бап, 3-бөлік);
-
құқық қорғау қызметкерінің заңды талабына бағынбау (443-бап, 2-бөлік);
-
қоғамдық орындарда мазалау (449-бап, 2-бөлік);
-
арнайы қызмет көліктеріне жол бермеу (598-бап, 2-бөлік);
-
жаяу жүргіншілердің қайталама жол қозғалысы ережесін бұзуы (615-бап, 4-бөлік).
Бас тартқан жағдайда не болады?
Егер құқық бұзушы қоғамдық жұмыстарды орындаудан бас тартса немесе әдейі жалтарса, ол қосымша әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ (ҚР ӘҚБтК 669-бабы).
Неліктен өзгеріс енгізілді?
Заңға енгізілген түзетулердің мақсаты:
-
қоғамдық қауіпсіздікті күшейту;
-
құқық бұзушыларға бақылауды қатаңдату;
-
әкімшілік іс жүргізуді жеңілдету.





