Қазақстанда елді мекендер аумағында көліктің рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығын төмендету мәселесі талқылануда. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengri Auto порталына сілтеме жасап.
Комитет басшысы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне және балалардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, бастапқыда апаттардың күрт өсуі есепке алу ережелеріндегі өзгерістерге байланысты болғанын түсіндірді.
– Жыл басынан бері 65-70%-дық өсім жолдағы жағдайдың нашарлауынан емес, есепке алу мен тіркеу тәртібіндегі өзгерістерден болды. Қазіргі таңда қабылданған практикалық және заңнамалық шаралардың арқасында өсу қарқыны шамамен 30%-ға төмендеді, – деді Сұлтанбаев.
Оның айтуынша, елді мекендерде жылдамдықты төмендету бастамасы қазір жұмыс тәртібінде қарастырылып жатыр. Қорытынды шешім ІІМ жариялаған «Профилактика жылы» аясында және Парламент депутаттарымен кеңесуден кейін қабылданбақ.
Ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылдың алғашқы алты айында елде 15 698 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 54-ке көп. Оқиғалар салдарынан 22 346 адам зардап шексе, оның ішінде 955 адам көз жұмған.
Жол апаттарының көбі республикалық маңызы бар трассаларда болған – 1 401 оқиға тіркеліп, 355 адам қаза тапты.
Аймақтар бойынша жағдай:
-
Алматы облысы – 404 апат;
-
Ақмола облысы – 126 апат;
-
Жамбыл облысы – 121 апат.
Негізгі себепкерлердің қатарында:
-
жеңіл көлік жүргізушілері – 12 046 жағдай;
-
автобустар – 520;
-
мопедтер – 438;
-
жүк көліктері – 390.
Сондай-ақ, апаттарға жаяу жүргіншілер (428 жағдай), велосипедшілер (114), шағын электр көліктерін жүргізушілер (58) және электр самокат иелері (48) себеп болған.
Балалар арасындағы жарақат алу жағдайлары 74,3%-ға өсіп, 5 552-ге жетті. Қайтыс болған балалар саны да артқан – 135 бала қаза тапты. Ең көп өлім Түркістан облысында (27), Алматы облысында (17), Жамбыл және Жетісу облыстарында (әрқайсысында 9) тіркелген.
ІІМ дерегінше, биылғы жылдың алғашқы жартысында елде жылдамдықты асырудың үш миллионнан астам дерегі анықталған. Бұл – өлімге әкелетін апаттардың негізгі себептерінің бірі. Елді мекендерде жылдамдықты асырғаннан болған 1 129 оқиғадан 95 адам көз жұмса, республикалық және облыстық трассалардағы 986 оқиғадан 180 адам қаза тапқан.





