Тінту барысында күдіктінің шалбарының қалтасынан көк изолентамен оралған үш дана Zip-Lock пакет табылып, тәркіленді. Пакеттердің ішінде ашық түсті ұнтақ зат болған.
Кейіннен күдіктінің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту кезінде жатын бөлмедегі шкафтан тағы 101 дана дәл осындай Zip-Lock пакет анықталған. Олар көк, қара, сары және жасыл түсті изолентамен оралған. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында «індеттің» таралуының алдын алу мүмкін болып, барлығы 104 дана күмәнді пакет тәркіленген.
– Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың синтетикалық есірткі – мефедрон екенін көрсетіп отыр. Табылған заттың жалпы салмағы 223 граммды құрады. Тергеу барысында күдіктінің әйелі және кәмелетке толмаған баласы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Қылмыстық істің мәліметтері сотқа жолданды, – дейді Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы, полиция майоры Жанар Қалықова.
Күдіктінің айтуынша, ол Instagram әлеуметтік желісіндегі хабарландыру арқылы «есірткі жасырушы» болып жұмысқа тұрған. «Кураторымен» байланыс Telegram мессенджері арқылы жүргізілген. Ол Талдықорған қаласы аумағына есірткі заттарын жасырын «топтамалар» түрінде таратып отырған және әрбір «жасырылған» пакет үшін 1 300 теңге көлемінде ақы алған.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халықты интернет желісіндегі «оңай табыс» уәдесіне алданып қалмауға шақырады. Есірткі заттарын, соның ішінде «жасырын топтама» түрінде таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделгенін ескертеді.
Медет ЖҰМАБАЙ





