Жұртқа мәлім, биылғы Рамазан айының оразасын ұстау уақыты 1-ші наурызда басталып, айдың 26-сынан 27-сіне қараған мезгіл қасиетті Қадір түні деп белгілінген. Бұл түні Жетісу жоблысының оралығындағы мешіттерде жиналған жамағатқа таңға дейін түрлі уағыз-насихат айтылып, 1000 адамға сәресі дастарханы жайылды.
Осы барыста Түркия елінен келіп, бір ай бойы көпшілікке намаз жүргізген қариға ат мінгізіп, иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілсе, Қадір түні әр түрлі сұрақтарға жауап беріліп, ізгі амал, құлшылықтармен жалғасты.
Қазақстан діни басқармасының Жетісу облысы бойынша бас имамы Керімбек Дәуітовтің айтуынша, хадистердің бірінде айлардың сұлтаны Рамазанда, түндердің ең қайырлысы Қадір түнінде жасалған ізгі амалдар мен құлшылықтардың сауабы 83 жылға тең деп көрсетілген. Яғни, Алла Тағала Құранда: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі,– делінген. Бұл уақытта жүрегінде иманы бар әр пенде Алланың мейірімі мен сауабы төгіліп тұрған осы бір жақсылықтан құр қалмауға қам жасайтыны анық. Осыған сай жыл сайын Талдықорғандағы мешіт имамдары үнемі жақсы істерге жаршы болып, түрлі игі іс-шараларға атсалысып келеді. Мәселен, бұған дейін аймақтағы 200-ден астам мешіттерде «Біз біргеміз!», «Жақыныңа жанашыр бол!», «Жақсылық жасап жарысайық!», «Ауызашар», «Рамазан керуені» сынды акциялар шеңберінде мұқтаж адамдарға қыруар азық-түліктер мен басқа да заттар таратылса, жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастырумен өткен «Рамазан сыйы» атты шарада Жетісу жеріндегі мешіттерде 1000 мұқтаж отбасына көмек көрсетілген.
– Енді санаулы күннен кейін күллі мұсылман қауымының ораза айт мейрамы тойланады. Биыл айт намазы бекітілген кестеге сай Жетісу облысындағы мешіттерде таңғы 07.00-де оқылады. Сондай-ақ, ораза айт күні аймақта «Дін мен дәстүр» бағдарламасы бойынша ұлттық құндылықтар кеңінен ұлықталып, қол күресі, қазақ күресі, гір көтеру, арқан тарту сынды спорттық ойын түрлері ұйымдастырылады. Сонымен бірге, мешіттерде балаларға сыйлық үлестіріліп, наурыз көже, ыстық бауырсақ таратылмақ. Әрі тұрмысында қиыншылығы бар көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жағдайы төмен отбасының мүшелері, асыраушысынан айырылған жетім-жесір, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық, қамқорлық жасалатын болады,– деді бас имам.
Айдын КӘЛІМХАН





