«Таза Қазақстан» акциясы жай ғана ұран емес, жастарды қайырымдылыққа тәрбиелеп, ізгілікке шақыратын бастама. Бұл жолы жетісулық өрендер облыс орталығында тұратын ауған соғысы ардагерлеріне көмек көрсетті.
«Taldyqorǵan jastary» ұйымының мұрындық болуымен ұйымдастырылған әлеуметтік-экологиялық акция аясында еріктілер талдықорғандық Ауған ардагері Бұлғын Қасымбаевтің үйінің айналасын тазалап, ауласын ретке келтіріп, тұрмыстық шаруасына қолғабыс етті. 75 жастағы майдангер Ауған соғысында аяғынан жарақат алған. Ол жеткіншектердің үнемі жәрдемдесіп тұратынын айтып, саулықтарын тілеп, ақ батасын берді.
Шара шеңберінде 10 еріктіден құралған топ қаладағы бірқатар оқу орындарының айналасын тазалап, игі істе белсенділік танытты.
«Taldyqorǵan jastary» қоғамдық ұйымы филиалының жетекшісі Әлішер Әуел былай дейді:
– Мұндай шара қарттарға құрмет көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, жастардың патриотизм сезімін күшейтеді. «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосу арқылы экологиялық мәдениет қалыптастыру негізгі мақсат.
Ізгілікті істен қашпайтын, үлкенге құрмет көрсете білетін, қызметін Отанынан аямайтын, ұлттық құндылығын аялайтын жастардың көбеюі мақтаныш. Еріктілердің ерлігі көпке үлгі.
Медет ЖҰМАБАЙ





