Көптеген адам оны денсаулықты нығайту, аурудың алдын алу және дәрумендер мен минералдар тапшылығының орнын толтыру үшін пайдаланады. Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде әлеуметтік желілерде көптеген диеталық қоспалар жарнамаланады. Мұндай өнімдер қауіпті болуы мүмкін. Жетісу облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметовтың айтуынша, мұндай өнімдерді таңдағанда абай болған жөн.
Диеталық қоспалар дегеніміз не және олар дәрі-дәрмектерден қалай ерекшеленеді, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне қандай талаптар қойылады, сондай-ақ жарнамасына қатысты қандай ережелер қолданылады? Кез келген тұтынушыны осы сауал мазалау керек. Тағамға арналған биологиялық белсенді қоспалар – бұл табиғи немесе ұқсас биологиялық белсенді заттар, сондай-ақ пробиотикалық микроағзалар. Оларды тамақпен бірге пайдалануға, пайдалы заттардың тапшылығын толтыруға және денсаулықты қолдау мақсатында азық-түлік өнімдерінің құрамына енгізеді.
Биологиялық белсенді қоспалар мамандандырылған тамақ өнімдеріне және міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Олар дәрілік заттар емес. Диеталық қоспаларды өндіру кезінде адам денсаулығына қауіп төндіретін өсімдіктер мен микроорганизмдерді, жануарлардан алынатын өнімдерді және басқа да заттарды пайдалануға тыйым салынады. Белсенді заттардың тәуліктік дозасы бір реттік емдік дозаның 10-нан 50%-ына дейін болуы тиіс. Артық доза адам өміріне қауіпті.
Қазақстандағы биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы заңнамамен реттеледі және бірқатар міндетті талаптарға сәйкес келуі тиіс. Диеталық қоспаларды тек дәріханаларда немесе мамандандырылған дүкендерден сатып алған дұрыс. Сатушыдан өнімнің мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжатты талап ету маңызды. Куәліктің түпнұсқалығын Еуразиялық экономикалық комиссияның бірыңғай тізілімінде тексеруге болады: https://eec.eaeunion.org. Егер жарнамада міндетті ақпарат болмаса немесе сатушы куәлік беруден бас тартса сатып алмау керек.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





