Алматы облысындағы Балқаш өңірінің жұртшылығы марқұм Қошанбек Бекетайұлы қарияның әңгімелерін осы күнге дейін айтып жүреді. Баладай аңқау, сәбидей сенгіш мінезімен, бір мезгілде нағашы мен жиен, жезде мен балдыз арасында айтылатын жарасымды қазақы қалжыңдарымен ел есінде қалған азаматтың айтқандары қазір де езу тартқызбай қоймайды. Қошекеңнің айтқандары мен әдемі әзілдерінің бір тобын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Төрт аяқтыдан озды ғой…
Бірде «Құйған» кеңшарында футболдан ауданаралық жарыс өтеді. Осы іс-шараның басы-қасында болып қайтып келе жатқан Серік Үмбетов (ол кезде «Желтораңғы» кеңшарының директоры) жол бойынан Қошанбек ағасын көріп мінгізіп алады.
Әдеттегідей амандық-саулық сұрасып қауқылдасып отырғанда бұларды екі аяқты мотоцикл басып озады. Көлік руліндегі түлкі тұмақ, күпәйке киген жігітті Қошекең шал деп ойлапты.
– Ойпырмай, Серікжан, – дейді сонда Қошанбек аға өзіне тән аңғалдығын жасыра алмай. – мына шалдың мықтысын-ай, төрт аяқты мәшинені екі аяқты мотоциклмен басып озды ғой.
«Біттің, Қошанбек…»
Қасқаөгізден Балатопарға көшіп келген Қошекең жұмысшылар кооперациясында қойма меңгерушісі болып істейді. Қолда дүние тұрған соң қиын, біразын ағайын қарызға алып кетеді. Дегенмен, кең заман, бірдеңесі болар деп жүре береді. Содан бір күні кешке: «Таңертең ревизия барады, күтіңіз» деген хабар түседі. Қалған жарты күннің ішінде елдегі қарыздарын жинап үлгере алмасына көзі жеткен Қошекең: «Біттің, Қошанбек! деп отыра кетіпті.
Бұл жаққа да жеткен бе?
Жол түсіп Алматыға бара қалған Қошекең қаланы әбден аралап, қайтарында серіктерімен мейрамханаға бас сұғады. Олар жайғасқан үстелге қатарлас дастарқан басында бес-алты жігіт тамақтанып отырады.
Жігіттердің бірі қызу әңгіме арасында сөз ыңғайына қарай: «Біттің, Қошанбек!», – деп қарқылдап күледі. Оны өз құлағымен естіген қария:
– Ойпырмай, ауылдағы әзіл әңгіме бұл жаққа да жеткен бе? – деп қатты таңғалыпты.
Пеш қосқаның жақсы болды…
1969 жылдың қақаған қысында Қошекең Магеллан деген қуақылау жігіттің тракторымен жолға шығады. Ол кездегі трактордың кабинасының алды-арты бірдей ашық. Жеңілдеу киінген Қошекең біраздан кейін жаурай бастады. Оны байқаған Магеллан:
– Жаурадыңыз-ау, Қошеке, мынаның пешін қосып қояйын, – деп трактордың бір тетігін сырт еткізеді. Аздан кейін бойы жылынғандай болған Қошекең көңілденіп:
– Әй, Магеллан, пешті манадан бері неге қоспағансың, әжептәуір жылынып қалдық қой, – деп жан-жағы улеп тұрған кабинада бір түймесін ағытып қойыпты.
«Шаңырақ та без шляпы»
Бөлімше басқарушысы болып жүрген Қошекең директордың орынбасары болып істейтін кәріс жігітімен қой төлдетіп жатқан Балқыбек деген шопанның үйіне келеді. Жас төлге толы шопан киіз үйінің түңлігі де жоқ екен. «Бұл қалай?» – деген орынбасардың сұрағына Қошекең:
– Балқыбек плачет, плачет, юрта шаңырақ без шляпа, все ягненок как карга лежит, – деп жауап қайтарыпты.
Жауапты шығарушы Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ





