Қазақстанда бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау жүйесі мен мектептегі оқу процесіне қатысты маңызды ақпарат айтылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі мектептің педагог-шебері Жанар Жақсылықова бірінші сынып оқушыларына дәстүрлі түрде баға қойылмайтынын түсіндірді. Маманның сөзінше, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер үшін бірінші оқу жылы – бейімделу мен базалық дағдыларды қалыптастыру кезеңі. Осы себепті балаларға оқу салмағын түсірмей, олардың қызығушылығын арттыруға басымдық беріледі.
Ресми бағалау жүйесі тек екінші сыныптан бастап іске қосылады. Ал бірінші сыныпта ұстаздар қауымы оқушыларды ынталандырудың заманауи тәсілдерін кеңінен қолданады. Әр мұғалім сыныптың ерекшелігіне қарай смайликтер, түсті стикерлер, интерактивті жарыс элементтері мен арнайы мобильді қосымшаларды пайдалана алады. Бұл әдіс баланың өзін басқалармен салыстырмай, өз нәтижесін көруге, сондай-ақ ата-аналармен тиімді кері байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік береді. Осылайша, оқушының қай пәннен білімін толықтыру керектігі айқын көрініп отырады.
Сонымен қатар жиында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мектеп бітірушілерге берілетін «Алтын белгі» иегерлерін анықтау тәртібіне тоқталды. Вице-министрдің айтуынша, бұл марапатты тағайындау ережелерін өзгертудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Негізгі көрсеткіш ретінде 2-11 сынып аралығындағы оқу үлгерімі негізге алынады, ал бірінші сыныптағы қалыптастырушы бағалау қорытындылары есепке кірмейді.





