Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 7-саммиті шеңберінде елдер арасындағы дипломатиялық және экономикалық байланыстарды нығайту бағытында маңызды жүздесу өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Әзербайжан астанасы Баку қаласында ұйымдастырылған алқалы жиын аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогпен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында екі мемлекеттің басшылары Қазақстан-Израиль қарым-қатынасының соңғы жылдары қарқынды сипат алғанына тоқталды. Әсіресе сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ықпалдастықты тереңдетуге басымдық беріле отырып, екіжақты серіктестіктің негізгі бағыттары жан-жақты сарапқа түсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президентінің сәуір айында Астанаға жасаған ресми сапары екі ел арасындағы байланысты арттыруға зор серпін бергенін ерекше атап өтті. Өз кезегінде Ицхак Герцог елордаға сапарын ризашылықпен еске алып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-технологиялық саладағы қарқынды дамуы әріптестікті ілгерілетуге кең жол ашатынын айтты. Израиль басшысы Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылу шешімін жоғары бағалап, бұл қадамды өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға қосылған елеулі үлес деп бағалады.
Кездесуде тараптар халықаралық күн тәртібіндегі күрделі түйткілдерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалды талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси шиеленістерді бәсеңдетіп, кез келген қақтығыстарды тек дипломатиялық құралдар мен бейбіт келіссөздер арқылы реттеу қажеттігін жеткізді. Қазақстан сыртқы саясатта бейбітшілік пен диалог қағидатын әрдайым берік ұстанады. Мұндай жоғары деңгейдегі келіссөздер еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырып, Жетісу өңірі сияқты аймақтарға жаңа агротехнологиялар мен инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасайды.





