Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып, телекоммуникация жүйелерін алғаш рет өзара байланыстырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауқымды жобаның салтанатты іске қосылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қатысты. Жаңа инфрақұрылым Азия мен Еуропа құрлықтары арасында деректер тасымалдайтын баламалы әрі сенімді бағыт ашып, еліміздің халықаралық цифрлық транзиттегі рөлін айтарлықтай күшейтеді. Транскаспий ТОБЖ жобасы Қазақстанның Қытайға шығатын құрлықтағы желілерін Әзербайжан инфрақұрылымымен, ары қарай Кавказ бен Еуропа тораптарымен тоғыстырып отыр.
Жаңа бағыттың пайда болуы халықаралық байланыс орнықтылығын арттырады. Баламалы маршрут отандық байланыс операторларына деректер ағынын икемді бөлуге және жекелеген бағыттарға тәуелділікті азайтуға жол ашады. Суасты кабеліне 64 оптикалық талшық орналастырылған. Желінің жобалық өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады. Бұндай жоғары қуат қоры деректер тасымалын еселеп арттыруға, жоғары жылдамдық пен сапалы байланысты талап ететін сервистерді дамытуға берік негіз қалайды.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық жоба Қазақстанда деректер өңдеу орталықтарын, бұлтты платформаларды және жасанды интеллектке арналған есептеу қуаттарын орналастыру мүмкіндігін кеңейтеді. Халықаралық технологиялық компаниялар үшін сыйымды арналар мен сигнал кідірісінің төмендігі басты критерий саналады. Уақыт көрсеткіштеріне сүйенсек, Ақтау – Ыстанбұл бағытындағы сигнал кідірісі небәрі 34 миллисекундты құрайды. Сарапшылардың болжамына сәйкес, бұл бағыттың арқасында транзиттік трафик көлемі екі еседен астам өсіп, таяу жылдары 21,6 Тбит/с-қа жетуі мүмкін.
2025 жылы белсенді құрылыс жұмыстары басталғаннан кейін желіні пайдалануға бергенге дейін екі жылдан аз уақыт өтті. Мамандар Каспий теңізінің түбіне кабель төсеудің техникалық күрделі тапсырмаларын ойдағыдай орындап шықты. Аталған жоба Жетісу өңірі сияқты аймақтарда да цифрландыру сапасын көтеріп, IT-саланы дамытуға және жаңа инвестициялар тартуға кең жол ашады.





