Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларының басшылары мен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің қатысуымен өткен басқосудың басты мақсаты – шаһардың өндірістік әлеуетін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды үйлестіру.
Жиында алдымен Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында әр саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, облыс орталығына инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері қаралды.
Жиналған қауым алдында сөз алған Ернат Дүйсенбекұлы жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға баса назар аударатынын айтып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.
– Қаламызда инвестиция көлемі тұрақты өсіп келеді. Соңғы екі жыл ішінде қалада жаңадан 6 өндіріс ошағы іске қосылып, индустриялық аймақта 4 кәсіпорын өз жұмысын бастады. Нәтижесінде түрлі салаларда 470-тен астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда 82 кәсіпорын тұрақты түрде жұмыс істеп, өнім өндірумен қатар көптеген азаматтарды жұмыспен қамтуда. Ендігі міндет – қаламызда өндірісті әртараптандыру арқылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, – деді шаһар басшысы.
Сала басшыларының мәліметінше, биыл қала бойынша ауыл шаруашылығын жандандыру мақсатында «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» мемлекеттік бағдарламалары аясында 49 шаруа қожалығының иесіне жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайтын жеңілдетілген несие берілген. Бұл – басқа да кәсіп түрін дамытқысы келетін шаруаларға көрсетілген үлкен қолдау.
Басқосуда Балықты өзенінің қазіргі экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі де жан-жақты талқыланды. Қала әкімі Ернат Бәзіл бұл мәселені шешу мақсатында тиісті мекеме басшыларына тұрақты бақылау орнатып, заң шеңберінде қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Айдын КӘЛІМХАН





