Бүгін Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЕЭК) Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағына сырттан көлік әкелу тәртібін өзгерту туралы шешімі күшіне енді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан ЕАЭО-ға мүше болғандықтан, жаңа ереже елімізге көлік әкелу тәртібін де өзгертеді. ЕЭК шешіміне сәйкес, қазақстандықтар жеке қажеттілік үшін тек мына көлік түрлерін ғана импорттай алады:
-
жеңіл автокөліктер (медициналық мақсаттағы көліктерден басқа) және ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің 8703 тауар позициясына жататын басқа моторлы көліктер;
-
квадроциклдер, қарда, батпақта және жол талғамайтын мотокөліктер, сондай-ақ жалпы жолға арналмаған басқа да моторлы көлік құралдары (жарыс көліктерінен басқа);
-
мотоциклдер, мопедтер мен мотороллерлер (8711 тауар позициясы);
-
толық салмағы 5 тоннадан аспайтын жүк көліктері мен 12 орыннан аз жолаушы тасымалдайтын көліктер (8702, 8704 21, 8704 31, 8704 41 және 8704 51 тауар позициялары).
20 қазаннан бастап автобустар мен жүк көліктерін ЕАЭО аумағына тек заңды тұлғалар ғана әкеле алады.
Жолаушы сыйымдылығы 12 адамнан асатын автобустар мен тасымалдау салмағы 5 тоннадан артық жүк көліктері ЕЭК бекіткен тізімге енбеген. Сондықтан оларды кедендік рәсімдеуден өткізуге, электрондық паспорт алуға, утиль алым төлеуге және тіркеуге рұқсат берілмейді.





