Соңғы уақытта елімізде телефонға телміріп, әлеуметтік желінің арбауына түсіп, біреудің сыртынан келеңсіз пікірлер жазып, өзгені жамандап, өзіне ұпай жинап жүрген жандар жиілеп барады. Тіпті, бұл келеңсіздікке күнделікті құбылыс ретінде қарап мән бермей келеміз. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда әлеуметтік желілерде біреудің сыртынан желдей ескен өсектер, ғайбат сөздер қарша борап тұр. «Әр қазақ менің жалғызым» деп өскен халықтың бірін-бірі жамандағанын көріп налитының анық.
Әлеуметтік желідегі ғайбат сөздерді тыю үшін бөлек термин енгізілген. Нансаңыз, «нетикет» деп аталатын әлеуметтік желіде сақталатын əдепережесі 1994 жылдан бері бар. Бірақ, күндіз түні телефонға телміріп, ғайбат сөз жазатындар бұл ережеден бейхабар. Олай болса желідегі нетикет ережелері қандай, біз оны сақтап жүрміз бе деген сауалға жауап іздеп көрейік.
Жалпы ережелер:
– Алдымен амандасудан бастаңыз. Сыпайы, мәдениетті болыңыз. Қатысушыларға қажет жерде алғыс білдіруді ұмытпаңыз!
– Сөйлесіп жатқан кезде эмоцияңызды ұстаңыз, салқынқанды жауап беріңіз. Ашуға беріліп, боқтық сөз жазып жіберуден аулақ болғайсыз;
– Өзгелердің мінезі мен көңід-күйіне түсініктік танытыңыз;
–Желіде басқа, өмірде басқа адам болмаңыз. Шынайылық қай жерде де маңызды;
– Хатты жолдамас бұрын не жазғаныңызды, қалай жазғаныңызды бір қарап барып жіберіңіз. Біріншіден, грамматикалық қатеден тексересіз. Екіншіден эмоциямен артық нәрсе айтпадыңыз ба – соны қарап шығасыз;
– Егер қандай да бір кеңес айтқалы жатсаңыз, дәл осы жерде айтатын дүние ме, орынды ма – ойланыңыз;
– Өзгелердің уақытын бекерге алмаңыз. Мысалы көбіне мәтін түрінде ойыңызды анық жеткізген дұрыс. Әйтпесе, сіздің аудиохабарламаңызды тыңдауға бәрінің бірдей мүмкіндігі болмауы мүмкін. Одан қала берді аудио жазғанда адам жалпылама сөзді көп қолданып, нақты бағыттан ауытқып кетіп жатады. Сондықтан тура, нақты жеткізуді үйреніңіз!
– Сұхбаттасушыға ақыл үйретіп не оны қысымға алудан аулақ болғайсыз;
– Сіздің жазған пікіріңізді өте көп адамның көретінін есте ұстаңыз. Егер артық сөз айтылса, тіпті скриншот жасалып, өзіңізге қарсы қолданылуы да мүмкін. Сол себепті кейін өкінуіңіз мүмкін сөздерді мүлдем жазбауға тырысқан жөн;
– Өз ойыңызды, ұстанымызды білдіруге құқығыңыз бар. Десе де, солай екен деп өзгелермен ұрсысып, бет жыртысатын дәрежеге түспеңіз. Әсіресе, қазір интернетте жазылған сөздер үшін заң алдында жауап бересіз;
– Өзіңізбен бірге осы коммъюнитедегі пікірлестеріңізге барынша көмектесуге тырысыңыз;
– Егер екі адамның келіспей, дауласып жатқанын көріп қалсаңыз, араласпаған дұрыс. Себебі екі ортада сол пікіріңіз жағдайды тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін;
– Егер сіз чаттың әкімшісі болсаңыз, дандайсыз кетпеңіз. Өзіңізді өзгелерден артық санауға болмайды;
– Басқа біреудің мінін байқасаңыз, қатесін көрсеңіз кеңпейіл әрі кешірімді болыңыз. Өйткені қателеспейтін адам болмайды. Білместікпен жасалған әрекеті үшін адамды жерден алып жерге салмаңыз. Түптеп келгенде адам қателескен сайын шыңдала түседі;
- Шынайы өмірде жасамайтын қылық, айтпайтын сөзді желіде «батыр» болып айтпаңыз.
Бұл «нетикет» ережесінің бір парасы ғана. Өкінішке қарай біз бұл ережелерді сақтап жүргендер некен саяқ. Әсіресе, тасада тұрып тас атып, біреудің сыртынан ғайбат пікір жазатындар көбейіп барады.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер». Жамандығын жасырып, жақсылығын асырып жүретін халықтың ұрпағымыз ғой. Бабалар тағылымына зер салсақ, біреудің сыртынан сөз айтпа, өсек, өтірік, ғайбат сөздерге сақ бол деп ескертеді, үстірт пікірден аулақ болу керектігін ұғындырады. Иә, қазір айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ғаламтордың дамыған заманы. Әйтсе де, әлеуметтік желінің де жақсылығы мен жамандығы бар. Бірақ бүгінгі ұрпақ жамандыққа әуес, жатып алып ғаламторды мылтықсыз майданға айналдыруда. Таныс па, бейтаныс па ол жағы маңызды емес, әйтеуір жамандаса болғаны. Тасада тұрып тас атып, өз қазағын өзегіне теуіп жатқаны. Тіпті, ғаламторға бүркеншік атпен тіркеліп жалған ақпаратпен жүйесіз сөздер айтып, қарапайым халықты ұлардай шулатып жатқандар да бар. Қазір бүркеншік атпен желіге кіру бұғатталғанымен, бірін-бірі жамандау әлі де тыйылар емес. Сонда халқымыздың көнеден қалған сөз мәдениеті, әдет-ғұрпы, мейірімділігі, еліне деген жанашырлығы жоғалып бара жатқаны ма? Ең сорақысы, дағдыға айналған өсек пен өтірікке, ғайбат сөздерге толы пікірлерді кейінгі буынның оқитыны. Алдыңғы арба қайда жүрсе соңғы арба да сонда жүрер. Болашақ ұрпақ алдыңғы буын ағаларына қарап бой түзейді емес пе? Сонда жұрттың кемшілігін жазып, өскелең ұрпаққа қандай үлгі, нендей тәлім-тәрбие беріп жүрміз?
Бағзы дәуірден бері өсек, ғайбатты теріс деп санаған халықтың ұрпағы едік қой. Ата-әжелеріміз келеңсіз әңгіменің ұшы шығып қалса болды «Тәйт, біреудің сыртынан жаман сөз айтпа», – деп тыйып тастайтын. Осындай тәрбиені көрген бала да үстірт пікір айтуға аулақ болады, әрине. «Ұят», «Обал», «Жаман» болады деген үш-ақ ауыз сөзге тоқталған халықтың келер ұрпаққа берер тәрбиесін ойламай, бір-бірінің сыртынан жамандауы жат қылық. Абай атамыз: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – дейді. Қарап отырсаңыз біріне-бірі ғайбат сөз айтқан – қазақтың қарадомалақ балалары мен қыз-келіншектері. Сүреңсіз пікірлерді көріп, өзгелер отқа май құйып, жанжал туындатып жататынын да байқаймыз. Бұл онсыз да жоғымызды түгендеп, ынтымағымызды жарастырсақ деген еліміздің бірлігіне сызат түсіріп отырғаны айқын. Осы орайда тағы да елінің ертеңі үшін алаңдаған Абай атамыздың ғибратқа толы өлеңі ойға оралады.
Заманақыр жастары,
Қосылмас бір бастары.
Біріне-бірі қастыққа
Қойнына тыққан тастары.
Иә, өткен ғасырда айтылған сөз осы заманды бейнелеп тұрғандай. Расымен, тасада тұрып тас атқан қастыққа бейім жастардың бүгінгі көрінісі осы. Жығылғанға жұдырық деп біреудің оқыс басқан қадамын аңдып, шалыс кетсе қуанып, жасаған жамандықтарымен мақтанатындар да аз емес. Онымен қоймай өзгенің кемшілігін әлеуметтік желіге салып, ғайбат пікірлер жазып, өзіне ұпай жинайды. Аласұрған заманда артық қимыл жасаудың өзі қиынға соғып тұр. Өзгенің сыртынан өсек айтып, күнә жасап жүргендер қаншама? Бір-бірін кемсітіп, ғайбаттаған жандарды көргенде жаның ауырады. Бірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан ел боламыз десек, жалған сөйлеп, өсек сөзге бой алдырмай, жат қылықтан арылу керек.
Шариғатымызда: «Біреудің сыртынан өсек айту, бауырыңның етін жегенмен бірдей» дейді. Өзімізді өзіміз даттағанша, көнелер салған иманды жолды жалғауға тырысайық. Өйткені, тілдің күнәсі – ең ауыр күнәлардың бірі.
Әлеуметтік желінің жақсы жағы жетіп артылады. Бірақ бүгінгі қоғамда оның пайдалы тұсынан зияны басым болып тұр. Әр заттың өз шегі болады. Әлеуметтік желіні де дұрыс пайдалана білу қажет. Қазір бүркеншік атпен ғайбат пікір жариялауға, жалған ақпарат таратуға тыйым салынды. Тасада тұрып тас атпайық. Өйткені, кемшіліктерді жариялау біздің салтымызға жат дүние. Еліміздің санасын улайтын, жұртты адастыратын өсек, ғайбаттан арылып, одан іргемізді аулақ салғанымыз жөн.
Айдар ҚАЛИЕВ





