Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық киноны дамыту және оны халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстарын жалғастырып келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы .
Соңғы бес жылда отандық туындылар 300-ден астам халықаралық кинофестивальге қатысып, 177 марапатқа ие болған.
2020–2025 жылдары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы түрлі жанрдағы 119 киножобаны жүзеге асырды. Соңғы екі жылда өткен үш питчинг нәтижесінде 57 жобаның 40-ы жас кинематографистердің қатысуымен іске асырылуда.
2024 жылы киножобаларды іріктеу ережелері қайта қаралып, үдеріс ашық әрі тиімді бола түсті. Басым тақырыптар нақтыланып, сценарий әзірлеу мерзімі қысқартылды. Құжаттар электронды түрде қабылданып, Сарапшылар кеңесінің дауыс беру жүйесі жетілдірілді. Соның нәтижесінде қазақ тіліндегі сценарийлердің үлесі 75%-ға дейін өсті.
Мемлекеттік қолдау алған «Qaitadan» фильмі отандық прокатта 1 миллиард теңгеден астам касса жинап, инвестицияның бес есесін қайтарды. Бұл – кино саласындағы мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін айқындаған маңызды көрсеткіш.
2025 жылы жаңа актерлерді анықтау мақсатында «JARQYRA» республикалық кастингі басталды. Жоба өңірлерден шыққан жас таланттарға ұлттық кинематографияға қосылуға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, «Қазақ киносының онкүндігі» акциясы аясында отандық фильмдердің көрсетілімі Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында өтті.
Бүгінде қазақстандық фильмдер тек кинотеатрларда ғана емес, онлайн платформаларда да қолжетімді. «Кинопоиск» платформасымен бірлесіп, 17 қазақстандық фильмнен тұратын арнайы жинақ әзірленді. Оған «Патриоттар уақыты», «Каникулы off-line 2», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан» сынды танымал туындылар кірді.
Қазақстандық кино әлемдік аренада да жаңа белестерге көтерілуде. Еліміз алғаш рет Канн кинофестивалі аясындағы Marché du Film кинонарығына қатысып, KazakhCinema ұлттық стенді арқылы жобаларды халықаралық деңгейде таныстыру мүмкіндігіне ие болды.
Каннда Франция мен Грузияның ұлттық киноорталықтарымен меморандумдарға, ал Ақтауда Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан кино ұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Халықаралық жобалар қатарында «Сказка о морских псах» деректі фильмі мен «Победителей видно на старте» атты бірлескен фильм бар.
Қазақстандық кино өнері бүгінде жаңа тыныс алып, ұлттық мәдениетті әлемге танытудың пәрменді құралына айналуда.






