Кез келген сауатты адам жарнаманың қазақша мәтінін көргенде шошына қарайтын болды. Себебі қазақ тіліндегі жарнамалардың ала-құлалығы жылдан жылға көбеймесе азаяр емес. Бұл мемлекеттік тілге деген салғырт қараушылық па әлде қазақ тілінде көзі қарақты жандардың азайып бара жатқандығы ма? Қалай болғанда айта-айта ауыз, жаза-жаза қол талды. Бұған дейін де жарнамадағы сауатсыздықтар айтылды, жазылды. Тіпті, суреттеріне дейін беріліп, сыналды да.
Бүгінгі заманды жарнамасыз елестету мүмкін емес. Қаладағы жарнамалар мен маңдайшалардағы қазақ тіліндегі мәтінінен кететін қателер жайлы талай айтылып жүр. Бұл тек біздің қаланың ғана бас ауруы емес, еліміздегі кез келген қалада бар мәселе. Бірақ көшедегі билбордтар мен маңдайша жазуларындағы қателер және ана тіліміздің сол маңдайшалардан шет қалып жатқандығын үлкен тұрмақ, кіші де анық көреді. Ал жекеменшік нысандардың атаулары мен сыртқы жарнамалары орыс тілінен мемлекеттік тілге сөзбе-сөз, шала-шарпы аударылып, мағынасы өзгерген дүбәра сөз тіркестері мен грамматикалық қателер өріп жүр. Кейбір нысандар мүлдем қазақ әріптерін қолданбайды. Яғни, заң талаптарына сай жазылмайды.
Жарнамалар аударымындағы қателерден өзге, қаламызда жөн-жосықсыз орналастырылғандары да жетерлік. Қала көшелерінде дүңгіршектер сыртына қалай болса, солай орналастырылған жарнамалар мен кез келген шарбақтар сыртына ілінген бейберекет желбіреген жазулар жетерлік.
Жоғарыда аталған сөзімізді дәлелдеу үшін алысқа бармай-ақ орталықтың бойын аралағаныңыз жетіп жатыр. Халық көп баратын бұл жерлерде қай жаққа қарасаң да жарымжан жарнамаға көзің түседі. Мысалы, Заңымыздың 6-бабының екінші тармағында: «Мерзімді баспасөз басылымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасы аумағындағы жарнама мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ, жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады» — деп жазылған. Демек, кез келген кәсіпкер жарнамасын тек орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде де дайындауы қажет. Бұл, шынымен де, солай ма? Қабанбай батыр көшесінің бойында орналасқан «Мөрлер дайындау» деп басталатын мекеменің жарнама тақтайшасының бір жағы орысша жазылып тұр екен. Қазақшамыз екінші жағында шығар деп қарап едік, көңіліміз сусып қалды. Өйткені, ол жақта да сылдырлап орыс тілінде жазылған.
«Жарнама корректоры» атты міндетімізді одан ары жалғастырғанымызда «Ұялы телефон жөндеушінің» көптік және септік жалғауының қай жерге орынды не орынсыз қолданылуын қатты оқып қойған сияқты. Яғни, тақтайшада «Ұялы телефондары, компьютерлерді, ноутбуктерлерді, планшетерлерді жөндеу» деп айғайлатып қойғанын қайтесің, әр сөзі қате болса?! Дұрысы «Ұялы телефондарды, компьютерлерді, ноутбуктерді, планшеттерді жөндеу» болады емес пе? Оны бастауыштың баласынан сұрасаң да айтып береді.
Реттік сан есімнің «-ыншы, -інші» жалғауы түсіп қалғанда орнына дефис қойылатындығын көзі ашық азамат біледі. Байқағанымыздай бұны көп кәсіпкер білмейді екен. Егер білсе, «Garderob», «Василиса» дүкеншелері «318 қабат, 318 бутик», «1 қабат» деп жарнамаламас еді.
Бұл плакаттан тіпті мемлекеттік тілді менсінбеушілік есіп тұр. «Тіл туралы» заңның 21-бабында «мемлекеттік тілдегі жарнама жоғары немесе сол жағына орналасып, екі тілдегі мәтін бірдей қаріппен жазылады» деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Алайда көптеген жарнамалық тақталарда қазақ тіліндегі мәтіннің қаріпі кішірейтіліп, сүреңсіз бояумен беріледі.
Одан бөлек, аты дардай «Шаған» сауда орталығының маңдайшасындағы жазудың «Ш» әрпі түсіп қалған. Солардың қатарына «д» қаріптері түсіп қалған «Қарағаш» сауда орталығының маңайында орналасқан «Ломбар» «Еркін» «үкенін» және Қабанбай батыр мен Желтоқсан көшелерінде орналасқан «п» әрпін жоғалтып алған «Ет авильонын» қосыңыз. Бұл да «Тіл туралы» заңға қайшы. «Бір апам бір апамнан өткен сорақы» демекші, бұдан да өткен жарнамаларды көзіміз шалды. Аталмыш орталықта орналасқан «Fiesta» маңдайшасындағы «Все для праздника» деген сөз қазақша «Барлық мереке үшін» деп аударылыпты. Оның қатарына «Василиса» маңдайшасының «Лучшее постельное белье из России» деген сөздері «Ең жақсы төсек орын жабдығы Ресейден» деп тәржімалай салған. Екеуінің де дұрыс нұсқасы: «Барлығы мереке үшін», «Ресейден келген ең жақсы төсек-орын жабдығы» болады ғой? Ал «Арбат» бойында орналасқан сән-салондарының біріндегі мына сөзді қалай түсінесіз: «Шашты, қасты болу. Мелирование, блондирование, бронирование, креативті болу». Жарнамалаушы «бояу» дегісі келген болар, бәлкім? Жарайды, оны айтпағанда шұбыртпалы, түсініксіз сөздер кездеседі. Ресми тілде жазылған үлгісінде тыныс белгілеріне дейін дұрыс қойылмаған. Сондай-ақ біз әлі күнге дейін қазақтың Ақниеті – «Ак-ниет» деп жазылатынын «білмей» келіппіз… Ал мынадай «оригинальный» аударманы көргеніңіз бар ма: «Вечерние платья»– «Әдемі көйлектер». Бұл да білдей бір киім дүкенінің жарнамасы… «Қарлығаш» кондитерлік өнім жасаушылары «тапсырыс» емес «сұраным» қабылдайды екен. Оған өздерінің жарнама билбордындағы «Кондитерлік, аспаздық және нан-тоқаш өнімдерін жасауға сұранымдар қабылдаймыз» дегені дәлел.
Айтпақшы, тағы бір мәселе – Қабанбай батыр көшесі №52 деген маңдайша үзілейін-үзілейін деп әрең тұр.
Тізе берсең, көз ұялып, тілің күрмеліп, жүрегіңді қан жылататын жарнамалар, жазулар өте көп. Қынжылтатыны – бұлардың көпшілігі қаламыздың халқы ең көп баратын «Арбат» аумағында орналасқаны. Жарнамадағы жазуға қарап, келген қонақтар «қазақ тілі осы екен» деп кетпей ме?
Талдықорғанда қазақ тіліндегі жазуларда да кездесетін қателерді тіл мамандарының ғана емес, ана тілін білетін барша қауым көріп жүр. Алайда, сыннан нәтиже аз.
P.S. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Абай атамыздың сөзін сәл өзгертіп айтсақ, сөз түзелді, жазушы, сен де түзел. Жазғанда жұрт жазғырмайтындай түзу жазайық, ағайын!
Еңлік ҚАБДЕШ





