18 тамыз – Шекарашы күніне орай Текелі қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жетісу облысы департаменті Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты Көк-су шекара бөлімшесінің қырағы сарбаздарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, мерекелік концерт ұсынды.
Ел шекарасын күзету – үлкен жауапкершілікті, қырағылықты және Отанға деген шынайы адалдықты талап ететін қасиетті міндет. Күннің ыстығына да, қыстың қақаған аязына да қарамай, мемлекеттік шекараның беріктігін қамтамасыз етіп жүрген шекарашылардың еңбегі өлшеусіз.
Текелі қаласының өнерпаздары шекара сақшыларына арнап патриоттық әндер шырқады. Әсем әуен мен жүрекжарды тілектер Отан қорғаушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мәртебелерін көтерді.
Көк-су шекара бөлімшесінің бастығы, майор Нұрмұхаммед Қайратұлы өнерпаздарға алғысын білдіріп, шекара қызметінің жауапкершілігі мен маңызына тоқталды.
«Біздің басты міндетіміз – ел шекарасын қырағылықпен күзетіп, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біз шекараны әрдайым сақтықпен әрі сеніммен қорғаймыз. Бұл – Отан алдындағы қасиетті борышымыз. Елдің тыныштығы, халықтың бейбіт өмірі және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі үшін қызмет ету – әрбір шекарашы үшін үлкен мәртебе. Осындай мерекеде өнерпаздардың арнайы келіп, жылы лебіздерін білдіріп, концерттік бағдарламасын ұсынғанына ризашылығымды білдіремін», – деді ол.
Шекара – ел қауіпсіздігінің берік қалқаны. Ал сол шепте Отан тыныштығын күзеткен әрбір сарбаздың еңбегі қандай да құрметке лайық.





