Жедел басқару орталығы бейнекамерадан бет-әлпетті тану функциясын енгізу үшін облыстық цифрландыру басқармасымен және облыстық прокуратураның қолдауымен «Target AI» бағдарламалық платформасын лицензиясымен сатып алуға келісімшарт жасады. Осы келісім аясында Талдықорғанда 75, Текеліде 12 интеллектуалды бейнекамера орнатылды. Бұл камералар іздеуде жүрген тұлғаларды және құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, бейнебақылау инспекторларына жедел ақпарат жолдайды.
Бүгінде «Target AI» жүйесінің жұмыс істеуі арқасында іздеуде жүрген 6 адам анықталып, ұсталған. Бұл жөнінде Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әлімбет Смайлов мәлімдеді.
– Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасы 165 бейнебақылау камераларын орнату бойынша монтаж жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуде. Ол камералардың 145-і ойын-сауық орындарының маңына, 20-сы стихиялық қоқыс орындарына орнатылады. «Target AI» жүйесінің жұмыс істеуі нәтижесінде потенциалды қауіптерге жауап беру уақыты қысқарды және патрульдеу және жедел-іздестіру іс-шараларының тиімділігі артты. Сондай-ақ, қылмыстардың алдын алу және тергеу мақсатында бейнеге түсіру автоматты талдау мүмкіндігі қамтамасыз етілді, – дейді Әлімбет Жанарысұлы.
Медет ЖҰМАБАЙ





