Бағалы дақыл 1934 жылдан бері Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймақтарында өсіріліп келеді. 1970-1980 жылдары егіс көлемі 65-75 мың гектарға дейін жетіп, 2 млн. тоннадан аса өнім алынды. Бірақ, сол кезеңдерде қызылша өсіруде толықтай іс-тәжірибенің болмағанынан кейбір қателіктер орын алды. Бірақ, сол кезеңдерде агротехникалық шараларды дұрыс қолдана білмегендіктен, тәжірибенің аздығынан бір танапқа 5-7 жыл қатарынан қызылша себілді. Соның салдарынан топырақта ризомания инфекциясы өршіді. Оның үстіне, Украина селекциясы беретін «Ялтушковская», «Белоцерковская» сорттары ауруға төзімсіз болып, алқаптарды жаппай шірік басты. Сөйтіп, қызылша өндірісі амалсыздан қысқарды.
1990-2000 жылдардан бастап әлемдік селекцияда жаңа төзімді будандар пайда болды. Қазіргі таңда Florimon D, Marlboro, KWS компанияларының тұқымдары ризоманияға төзімді және заманауи агротехнология жүйесінде 90-100 т/га. өнім бере алады. Әсіресе, соңғы жылдары шығарылған конвизо смарт, номад, смарт шомьер деп аталатын қызылша будандарының генетикалық әлеуеті мықты.
Ендігі басты талап – жерді тоздырмау. Қант қызылшасы ауыспалы егісте 28%-дан аспауы шарт. Алдағы уақытта дәлме-дәл агротехнологияларды пайдалану арқылы Жетісу мен Жамбыл облыстарында егіс көлемін 25 мың гектарға жеткізіп, жыл сайын 1,5 млн. тонна қызылша жинап, қант зауыттарына тапсыруға болады. Одан 180 мың тонна қант, 40 мың тонна патока меласса, 1,0 млн. тоннаға жуық мал азығына қажет жом алынады.
Алдағы жылдары солтүстік аймақтар да қызылша өндірісіне бейімделіп, қант зауыттары салынып, 1,5 млн. тонна өнім өндірілсе, жалпы республика бойынша 350 мың тонна қант алуға болады. Бұл еліміздің ішкі қажеттілігінің 70%-ын қамтамасыз етіп, азық-түлік қауіпсіздігін шешер еді. Ал мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін солтүстік аймақтар мына жайттарды ескергені жөн. Қант қызылшасы ылғалды көп қажет ететін дақыл. Вегетация кезеңінде транспирация коэффициенті 300-ден жоғары, топырақ ылғалдылығы 75-80% деңгейінде болуы тиіс.Тәлімі егіс жағдайында бұл әр ай сайын 80 мм., төрт ай вегетация мерзімінде шамамен 320 мм. жауын-шашынға тең. Сондықтан солтүстік аймақтарда қызылша өсіруде белгілі бір тәуекел қаупі туындайды. Кейбір құрғақшылық жылдары өскін тығыздығы біркелкі болмай, фотосинтез өніп, өсу үдерістері жүрмей, мардымды түсім болмай қалуы мүмкін. Десек те су қоры бар. Мысалы, Павлодар Ертіс өзені аймағында ерте пісетін (120 күндік) гибрид тұқымдары таңдап егілсе, тұрақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Абулхаир БЕКСҰЛТАНОВ





