«Үздік жас кітапханашы – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы Ескелді ауданы, Көкжазық ауылдық кітапханасының қызметкері Айжан Нүсіпті облыс әкімінің орынбасары Диас ЕСДӘУЛЕТОВ арнайы қабылдады. Тәжірибе мен білім додасында топ жарған жеңімпазға сый-сияпат беріп, қошемет көрсетті.
Облыс әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы жас маманның еңбекқорлығы мен табандылығын жоғары бағалап, алғыс айтты.
24 қазан – Кітапханашылардың кәсіби мерекесі. Бұл күн – ұлт руханиятына қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі лайықты бағаланатын ерекше сәт. Өткен аптада Алматы қаласында мамандық иелерінің мерейін өсірген маңызды шара «Үздік жас кітапханашы – 2025» республикалық байқауы өтті.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 18 жас маман қатысып, өз білімі мен шығармашылығын сынға салған. Қатысушылар болашақ кітапхананың макетін жасау, сүйікті кітапты таныстыру және кәсіби сұрақтарға жауап беру сынды 3 кезең бойынша бақ сынасқан.
Осы додада кітапханашы Айжан Нүсіп суырылып алға шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Айжанның жетістігі кездейсоқ емес. Ол бұл салада 7 жыл бойы табандылықпен еңбек етіп келеді. Білімді де білікті маман Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастырған байқауда I орын иеленгеннен кейін республикаға жолдама алған еді.
– Бұл байқауға 16 облыстан 18 кітапханашы қатысты. Біз заманауи кітапхананың дизайнын жасап, оқырманды тартудың жаңа тәсілдерін ұсындық. Қазіргі заман талабына сай стиль мен мазмұнды үйлестіру маңызды болды, – дейді Айжан Бекежанқызы.
Ол өз сөзінде жеңіске жетуге бағыт-бағдар беріп, демеушілік еткен облыстық С. Сейфуллин атындағы кітапхананың директоры Самал Шаяхметоваға, Ескелді аудандық кітапхананың директоры Бақытгүл Ерғалиеваға, Көкжазық ауылының әкімі Мақсат Жұмабаевқа алғыс білдірді.
Айжанның жеңісі – ауыл кітапханашыларының да бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеген жарқын мысал. Оның еңбегі мен табандылығы жас мамандарға үлгі.
Медет ЖҰМАБАЙ





