Мұғалім болып, мектеп табалдырығын аттаған жас маманға қашанда көмек қажет. Мектептің ішкі әлеміне енді ғана енген мұғалімнің ізденісі бұрынғыдан да арта түсетіні абзал. Әсіресе, тәжірибелі ұстаздардан үйрену, үйренгенді сабақта қолдана білу – жас маманның мықты құралы болмақ. Сондықтан, тәжірибелі ұстаздар мен жас мұғалім арасындағы байланыс ешқашан үзілмеуі тиіс.
Бала күнімізде ұстаздарымыз «Өскенде кім боласың?» дегенде ойланбастан «Мұғалім боламын» дейтінмін. Сол арман адастырмады. Өзім білім алған қасиетті шаңырағыма бүгінде ұстаз болып оралдым. Бұл – зор мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік.
2018 жылы Қарашоқы орта мектебінен қанат қағып, үлкен өмірге аяқ бастым. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түстім. Оқуды аяқтаған соң, ойланбастан бірден туған жеріме жол тарттым. Еңбек жолым өзім білім алған аяулы мектебімнен басталды. Кеше ғана өзіме сабақ берген ұстаздарыма енді әріптес болдым. Бұл жас маманға екі есе сенім әрі жауапкершілік жүктейді. Жұмыс барысында, білікті басшы ретінде өзінің тәжірибесімен бөліскен Күлшар Бұқабаева, өз саламда жол көрсеткен Жанар Мырзақанова, қолдау білдіріп, көмектерін беруден шаршамаған Қарашоқы орта мектебінің ұстаздарына алғысым шексіз.
Білім – саналы тәрбиеден басталады. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпақ ұлттық болмысымыздан ажырап қалмауы тиіс. Ұлттық құндылықпен сусындап өскен ұл-қыздар міндетті түрде қазаққа қызмет ететін болады.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін! – деп жетпеген жеңісіне, орындай алмаған арманына, соңында қалған жастардың жететініне нық сенім білдірген Мағжан
Жұмабаевтың сенімін сөзбен емес, іспен көрсететін уақыт әлдеқашан жетті. Енді сол жолда шаршамай, талмай еңбек етейік.
Аяулым ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
Қарашоқы орта мектебінің арнайы педагог-дефектологы
Кербұлақ ауданы





