Республика күні мерекесінің қарсаңында Панфилов ауданы Үлкеншыған ауылындағы 120 орынды жаңа жекеменшік балабақша ашылды. Бұл бөбектер үйін осы ауылдағы жас кәсіпкер Ерғали Тұрсынғалиұлы анасы Фариданың өтінішімен салып, ауылдастарының игілігіне ұсыныпты. Ауылдастарының көптен күткен жаңа балабақшада алдын-ала жазылып, асыға күткен бал бөбектерден алты топ құрылып, 20 адам тұрақты жұмыс орынын тауыпты.
Фарида Көншібаева Үлкеншыған орта мектебінде ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа жеткен ұстаз. Оның жолдасы Тұрсынғали Әзімханов марқұм электрик болып еңбек еткен осы ауылдың байырғы тұрғындарының бірі еді. Фарида Нұрмұхаметқызы бола тәрбиесімен шұғылданатын мамандығынан қол үзгісі келмеді.
Күре жолдың бойындағы Үлкеншыған ауылының дәл ортасынан орын тепкен қос қабатты жаңа ғимарат сәулеткерлік әсемдігімен айналасына сән сыйлап тұр. Тұрғындардың көз қуанышына айналған жаңа балабақшаның ашылу салтанатына ауыл тұрғындары көп жиналды. Салтанатты сәтте алғашқы болып сөз сөйлеген аудан әкімі Марат Сағымбек ауыл тұрғындарын құттықтап, биылғы жылы өңірде жүз берген көптеген жаңалықтарды жіпке тізгендей айтып шықты. Ауылдың ардақты азаматтары бірінен соң бірі жарыса сөз сөйлеп, жүрекжарды ақ тілектерін әулетке арнады. Ауыл ақсақалы ақ батасын беріп, ақ самайлы аналар шашу шашты. Жаңа ғимараттың лентасы қиылып, барша қауым ғимарат ішін аралап көрді. Ауыл өнерпаздары асқақтата ән шырқап, би билеп қуанышты сәтті думанға бөледі.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы.





