Жалықпай еңбек етіп, көп тер төгуді қажет ететін ұлағатты жолда талай тұлғаның есімін айшықтауға болады. Солардың қатарында 1956 жылы Мұқыры ауылында өмірге келген Мейрамбала Баймолданова бар. Қарапайым ауыл мектебінде оқып, кейіннен Талдықорған педагогикалық институтында білім алған Мейрамбала сол жылдары ашылған институттың физика-математика факультетінің математика бөліміне түсті.
Алғашқы оқу корпусы мектепке арнап салынған ғимарат еді. Ол қазіргі Талдықорған қаласындағы Абай атындағы орта мектеп. Алғашқы ректорымыз Лениншіл Рүстемов, деканымыз Ермекбай Жүнісов, кураторымыз Қаден Бопаев болатын. 1977 жылдың жаз айында физика-математика факультетінің тұңғыш түлектері ретінде №3 тобының студенттері диплом алдық. Естен кетпес студенттік өмірде бірге жүріп білім алған армандастар Шығыс Қазақстан, Семей, Алматы және Талдықорған облыстары мен шырайлы Шымкент, Атырау аймақтарынан еді. Солардың ішінде біз «Мираш» деп кеткен Мейрамбала Байтанқызы да бар.
Ұстаздық жолын Көксу ауданына қарасты Мәмбет ауылындағы алтын ұядан бастаған Мейрамбала мектепте комсомол ұйымының хатшысы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарды. 2000 жылға дейін математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 2001 жылдан бүгінге ұстаздық қызметін жалғастырып келе жатқан Мейрамбала 2006 жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданында ҰБТ кезінде апелляция комиссиясының мүшесі.
Өмірі өнегеге толы Мейрамбала сан байқауда жүлдегер атанып, Алғыс хаттармен марапатталып, бірқатар төсбелгіні өңіріне тақты. Жалпы саны 20-дан асатын марапаттарға ие болған мәртебелі мұғалім «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», «Білім саласына қосқан еңбегі үшін», «Ыбырай Алтынсарин», төсбелгілері мен «Еңбек ардагері», Президент Жарлығымен берілетін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ұстаздық етуден жалықпай 48 жыл білім саласында тер төккен Мейрамбаланың шәкірттері де талай белесті бағындырды. Исатай Мақсетов, Рауия Тұрдақын, Әйгерім Кадримбетова, Аяулым Орнықпай, Нұрдәулет Абдуллаев сынды шәкірттері ел, облыс көлемінде олимпиада, зияткерлік сайыстарда жеңімпаз атанды. Бұл да болса ұстаздың сапалы білім, саналы тәрбие бергенін айғақтайтын дүние екенін жасыра алмаймыз.
Мейрамбала Байтанқызының тәлімін алып мектеп бітіріп кеткен оқушылары бүгінде сан салада абыройлы қызмет атқарып, еліміздің гүлденуі жолында еңбек етіп келеді. Өнегелі ғұмырында жүздеген шәкіртті білім нәрімен сусындатқан Мейрамбала, міне, осындай ғажап жан. Ғибратты ғұмыр иесі. Ендеше, шәкірттеріне бақыттың кілтін ұстатқан ұстаз, ардақты ана, асыл жар, аяулы әжеге ғасырлық ғұмыр тілейміз. Әрі Мейрамбаладай курстасымызды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймыз!
№3-топ курстастарының атынан – Құрманғали ӘБЕЙБЕКОВ





