Қазақтың ұлттық өнері – халқымыздың рухани қазынасы, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұрасы. Осы өнердің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, ұлттық музыканы насихаттап жүрген өнер майталмандарының бірі – композитор, дирижер, профессор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әли АЛПЫСБАЕВ биыл 70 жасқа толып отыр.
1956 жылы 28 сәуірде Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылында дүниеге келген Әли Алпысбаев бала кезінен музыкаға құштар көңілмен кәсіби білім алып, өнер саласында еңбек етуді өмірлік мақсатына айналдырды. 1975 жылы Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы мәдениет институтын, ал 1979 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны тамамдады. Дирижерлік өнерді Ж. Бегендіковтің сыныбында меңгеріп, опера және симфониялық дирижерлеу саласында терең білім алды. Өнер жолындағы еңбек жолын Сарқан мәдени-ағарту училищесінде ұстаздық қызметтен бастаған Әли Демеген- ұлы кейін Талдықорған қаласындағы Қ. Байсейітов атындағы музыкалық училищеде және І. Жансүгіров атындағы педагогикалық университетте шәкірт тәрбиеледі. Ұстаздық қызметпен қатар, өнер ұжымдарын ұйымдастырып, олардың шығармашылық дамуына үлкен үлес қосты. Солардың бірі – өзі негізін қалаған «Алтын дән» ұлт аспаптар ансамблі. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері ретінде қазақтың ұлттық музыкасын күні бүгінге дейін кеңінен насихаттап келеді.
Оның шығармашылық еңбегі тек Қазақстанмен шектелмей, шетел сахналарында да көрініс тапты. Қазақ өнерін Оңтүстік Корея, Түркия, Болгария, Польша, Ресей және АҚШ сияқты мемлекеттерде таныстырып, ұлттық музыкамыздың қадір-қасиетін халықаралық деңгейде дәріптеді. Композитор ретінде Әли Алпысбаевтың шығармашылық мұрасы мол. Оның елуден астам әні, жеке музыкалық аспаптарға арналған бірқатар шығармалары бар. Композитор туындыларынан туған жерге, елге, ұлттық рухқа деген сүйіспеншілік анық байқалады. Соның айқын дәлелі – 2015 жылы өткен VI республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауында «Орбұлақ таңы» симфониялық күй-поэмасымен Гран-при иеленуі. Бұл шығарма қазақ тарихындағы айтулы оқиғаны музыка тілімен бейнелеп, композитордың шығармашылық ізденісін танытты. Әли Демегенұлы Алпысбаевтың еңбегі ел тарапынан да жоғары бағаланды. Ол «Құрмет» орденінің кавалері, І. Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» атанды. Сонымен қатар Алматы облысының, Көксу ауданының және Талдықорған қаласының «Құрметті азаматы» деген атақтарға ие болды.
Осындай өнер азаматтарының еңбегі елдің рухани байлығын арттырып, ұлттық өнеріміздің болашағына жол аша бермек. Жетісу облыстық мемлекеттік архивінде белгілі тұлға Әли Алпысбаевтың жеке тектік қоры сақтаулы. Қор құрамында оның өз қолымен архивке өткізген фотосуреттері, түрлі журнал, өзі әуен жазған нота кітаптары мен газет қиындылары бар.
Б. МӘКЕНОВА,
облыстық мемлекеттік архивтің архивисі





