Биыл Жетісу облысының орталығына 12 мың түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оның 2 мың түпке жуығын көктемде, ал 10 мың түбін күз мезгілінде егу көзделген. Қазір аймақта күзгі жасылдандыру жұмыстары жалғасуда.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 қазан — Республика күні қарсаңында аймақтағы Еркін ауылы маңындағы тұқымбақтың 1,7 гектар аумағына 5 мың түп қарағай көшеті егілген болатын. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жасылдандыру іс-шарасына аймақтағы экологиялық бірлестіктер қолдау көрсеткен. Қала аумағына егіліп жатқан барлық көшет түрлері негізінен өңірдің ауа райына бейім жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар.
– Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру — біздің басты мақсатымыз. Биыл егіліп жатқан ағаштардың барлығы жергілікті климатқа бейімделген. Олардың күтімі тұрақты бақылауда болады. Біз Талдықорғанды нағыз жасыл әрі таза қалаға айналдыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыра бермекпіз, – дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.
Айдын КӘЛІМХАН





