Жетісу облысында полиция қызметкерлері адам саудасының алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Кербұлақ ауданында өткен іс-шараны Жетісу облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды. Кездесу ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының иелері қатысқан әкімдік ғимаратында өтті.
Полицейлер азаматтарға мәжбүрлі еңбекке тарту, адамның бостандығын шектеу және өзге де қанаудың түрлері үшін заңмен қарастырылған жауапкершілік жайлы жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ мұндай заңсыз әрекеттердің салдарына ерекше назар аударылды.
Құқық қорғаушылар құлдық пен мәжбүрлі еңбекке жол беру – ауыр қылмыс екенін және ол үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өтті.
Осындай кездесулердің басты мақсаты – халық арасында адам саудасына деген нөлдік төзімділікті қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Полицейлер күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға немесе «102» нөмірі арқылы хабарласу қажеттігін еске салды. Мұндай профилактикалық шаралар облыстың өзге де аудандарында жалғасын табады.





