Елдің ертеңін ойлаған қоғам ең алдымен білімінің сапасына қарайды. Өйткені мектепте берілген білім – бір ғана оқушының тағдыры емес, тұтас мемлекеттің келешегіне әсер ететін күш. Бүгінгі шәкірттің бойына сіңген білім мен тәрбие ертең елдің экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуына айналады. Сондықтан жаңа оқу жылы қарсаңында педагогтердің басын қосатын Тамыз конференциясының орны бөлек.
Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен биылғы облыстық Тамыз конференциясы «САПАЛЫ БІЛІМ, БЕРІК ҚҰНДЫЛЫҚ, ТАБЫСТЫ ТҰЛҒА: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕР» тақырыбына арналды. Жиынға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Ақзира ҚАСЫМОВА, облыс прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВ, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудан-қала әкімдері, білім бөлімдерінің жетекшілері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференцияға қатысушылар алдымен «Білім. Құндылық. Инновация: Жасанды интеллект дәуіріндегі сапалы білім мен адами капитал» атты көрмені тамашалады. Мұнда мектепке дейінгі ұйымдардағы инновациялық орта, заманауи кабинеттер, дарынды балалармен жұмыс, тәрбие бағытындағы жобалар және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының жетістіктері ұсынылды. Бұл көрме бүгінгі білімнің мазмұны өзгеріп келетінін көрсетті. Қазіргі мектеп баланың тек білім алу орны емес, оның қабілеті ашылатын, тұлғалық қасиеті қалыптасатын, технологияны меңгеретін және болашақ мамандығына бағдар алатын ортаға айналды.
Өткеннен сабақ, келешекке міндет
ПЛЕНАРЛЫҚ отырыста өткен оқу жылындағы Жетісу оқушыларының білім, ғылым, спорт және шығармашылық бағыттарындағы жетістіктерін таныстырған бейнеролик көрсетілді.
Одан кейін облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Сала басшысының баяндамасынан өткен жылы белгіленген міндеттердің басым бөлігі орындалғаны аңғарылды. Әсіресе тәрбие мен цифрландыруға басымдық берілген. Айтуынша, барлық мектепте «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы мен «Smart Oqu» жүйесі енгізілген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілген. Педагогтердің кәсіби әлеуетін көтеру, ауылға маман тарту және басқарушы кадрларды даярлау ісі жалғасын тапқан. Мұның бәрі білім саласындағы өзгерістердің бір күндік науқан емес, жүйелі жұмысқа айналып келетінін көрсетеді. Оқушы жетістігі де соның айғағы.
Аймақтың 4 мектебінің еліміздегі «Үздік 100 олимпиадалық мектеп» қатарына енуі де ұстаз бен шәкірт еңбегінің нәтижесі.
Дегенмен жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Білім сапасының жалпы көрсеткішінде оң динамика болғанымен ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылық, кейбір білім ұйымдарындағы төмен нәтиже, педагог кадрларының сапалық құрамы секілді мәселелер әлі де жүйелі жұмысты талап етеді.
Осы тұста білім сапасын тек сандық көрсеткішпен бағалаудың жеткіліксіз екені де айтылды. Мектепішілік бақылау нақты нәтижеге бағытталуы керек. Яғни оның мақсаты кемшілікті тіркеу емес, сол кемшіліктің себебін анықтап, оны жоюға жол ашу болуы тиіс.
Президент тапсырмасы – ортақ бағдар
БІЛІМ саласындағы өңірлік міндеттер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басымдықтармен сабақтасты. Президент білім сапасын арттырумен бірге қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартуға, білім мен тәрбиені қатар алып жүруге, балаларды әлеуметтік кеселдерден қорғауға, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға және педагогтің құқығы мен мәртебесін қорғауға ерекше мән берген еді. Бұл міндеттердің барлығы биылғы Тамыз конференциясының мазмұнынан да көрініс тапты.
Мұнан кейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Ақзира Қасымова да сөз алып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Жиынның қорытынды сөзін облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ түйіндеп, жаңа оқу жылы алдында өңірдегі білім саласының жағдайын саралап, алда тұрған мәселелерді жүйелі түрде шешудің маңызын атап өтті.
Биыл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – жаңа Конституцияның қабылдануы болғанын айтқан ол онда бекітілген қағидаттардың білім беру саласына да тікелей қатысы бар екенін жеткізді. Адами капиталды дамыту, оқушылардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау, құндылықтарға негізделген қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру жаңа кезеңнің маңызды бағыттары ретінде аталды.
Бұл орайда жақында күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заңның да маңызы ерекше. Заң педагогтің абырой-беделін, құқығы мен қауіпсіздігін мемлекеттік деңгейде қорғауға бағытталған.
Аймақ басшысы білім саласының алдына жеті стратегиялық міндет қойды. Олар – білім беру жүйесін интеллектуалды басқару, «Адал азамат» бағдарламасының тиімділігін арттыру, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, мектепке дейінгі білім сапасы мен қолжетімділігін арттыру, орта білім сапасы мен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, техникалық және кәсіптік білімді нәтижеге бағыттау және кадр саясатын жетілдіру.
Ақжарма
Ұлжан САДЫҚОВА,
«Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері:– Ұстаздық деген үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті жол ғой. Осы жолда еңбек етіп келе жатқаныма биыл 36 жыл толды. Еңбек жолымды Сарыөзек орта мектебінде бастап, кейін жаңадан ашылған Күреңбел қазақ орта мектебіне ауысып, бүгінде шәкірттерге математика пәнінен сабақ беріп келемін.
36 жыл ішінде талай шәкірттің білім алып, үлкен өмірге қадам басқанын көрдім. Сондықтан бүгінгі «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталуымды ұстаздық еңбегімнің еленгені деп қабылдаймын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі жүрекке қуаныш сыйлаған сәт.
Цифрландыру – уақыт талабы
БҮГІНДЕ білім саласын жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардан бөлек қарастыру мүмкін емес. Бірақ технологияны енгізудің өзі мақсат емес. Оның түпкі нәтижесі оқушыға сапалы білім беру, мұғалімнің уақытын тиімді пайдалану және білім алудағы алшақтықты қысқарту. Осыған орай облыс әкімі білім беру жүйесін интеллектуалды басқаруды бірінші стратегиялық міндет ретінде белгіледі.
Биыл республика бойынша 10 мектеп жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге бағытталған пилоттық жобаға кірмек. 2027 жылдың қаңтарынан бастап бұл жобаға Жетісу облысының мектептері де қосылмақ. Осы мақсатта алғашқы кезеңде 33 шағын жинақты мектепті 2026 жылдың 1 желтоқсанына дейін, екінші кезеңде тағы 91 шағын жинақты мектепті 2027 жылдың 1 маусымына дейін жоғары жылдамдықты интернетпен, компьютерлік техникамен және жасанды интеллект платформаларын пайдалануға қажетті құралдармен қамтамасыз ету тапсырылды. Пилоттық мектептердің мұғалімдерін оқыту жұмыстары да 2026 жылдың 25 желтоқсанына дейін ұйымдастырылуы тиіс.
Бұған қоса «Қазақстан халқына» қорымен бірлескен жұмыс аясында өңірдегі 80 мектепті 240 жаңа пән кабинетімен – физика, химия және биология кабинеттерімен жабдықтау жоспарланған. Бұл кабинеттерде жұмыс істейтін пән мұғалімдері де жергілікті бюджет есебінен оқытылмақ.
Цифрлық бағыттағы тағы бір маңызды жоба –Талдықорғандағы «Жетісу жастары» орталығы базасында іске қосылатын «Tomorrow School» жобасы. Оның мақсаты – жастарға бағдарламалау, жасанды интеллект, цифрлық өнім әзірлеу және технологиялық кәсіпкерлік бойынша практикалық дағдылар беру.
Жоба бойынша «Astana Hub»-пен келісім жасалып, қажетті бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылып, компьютерлік техника дайындалған. Алдағы кезеңде облыстың IT бағыттарында білім алып жатқан шамамен 1400 колледж студентін жобаға тарту көзделген.
Білімді ұрпақ – адал азамат
ЗАМАНАУИ технология қанша дамыса да білімнің өзегінде адам тәрбиесі тұрады. Осы себепті облыс әкімі белгілеген екінші стратегиялық міндет «Адал азамат» бағдарламасының тиімділігін арттыруға бағытталды. Оның өзегінде оқушылардың заңға құрметін, құқықтық мәдениетін және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру мәселесі тұр. Бұл бағыт «Заң мен тәртіп» қағидатымен және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасымен сабақтастырылмақ. Өйткені тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпті құрметтеу, өз ісіне жауап беру – баланың бойында мектеп қабырғасынан қалыптасатын қасиеттер.
Биылдан бастап «Конституция негіздері» пәні мен «Заң мен тәртіп» курсының енгізілуі де тәрбиелік жұмыстың мазмұнын кеңейте түсті. Педагогтерді алдын ала даярлау және олардың кәсіби құзыреттерін арттыру қажеттігіне ерекше мән берілді.
Баланың құқығы – басты назарда
ҚАНДАЙ БІЛІМ жүйесі болмасын оның ең үлкен өлшемі – баланың қауіпсіздігі. Президенттің білім саласына қатысты тапсырмаларында да балаларды әлеуметтік кеселдерден қорғау, мектептегі қауіпсіз ортаны қалыптастыру мәселесі айрықша орын алған еді. Осы бағыт Жетісу өңіріндегі жаңа міндеттердің қатарынан да көрініс тапты.
Облыста балалардың құқықтарын қорғау, буллинг пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, әдеп-құқықтық бағыттағы жұмыстарда менторлардың тиімділігі байқалған. Енді бұл тәжірибені колледждерге де кезең-кезеңімен енгізу ұсынылды.
Ата-аналардың да мектеп өміріне қатысуы күшейтілмек. Олар қамқоршылық кеңестеріне, бракераж комиссияларына және басқа да қоғамдық институттарға белсенді тартылуы тиіс. Мектептегі тамақтану сапасы мен қауіпсіздігін бақылау үшін бейнебақылау жүйелерін тиімді пайдалану да назарға алынды.
Білім – балабақшадан басталады
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ даярлықтан өтпеген баланың 1-сыныптан бастап қатарынан қалып қоюы мүмкін екені айтылып, әсіресе ауыл балалары үшін мектепке дейінгі білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыру қажеттігіне назар аударылды.
Конференция барысында балаларды ерте жастан мамандықтар әлемімен таныстыруға бағытталған пилоттық жобаға қатысушы бес балабақшаның жұмысы таныстырылды. Балалардың қызығушылығы мен педагогтердің ізденісі оң бағаланып, осы тәжірибені әр ауданда кемінде екі балабақшаға тарату тапсырылды. 2027 жылдың қаңтарынан балабақшаларды лицензиялау басталатыны да айтылды. Белгіленген KPI бойынша балабақша басшылары, әдіскерлер мен тәрбиешілер арасында бейінді білімі бар педагогтердің үлесін 86 пайызға жеткізу көзделген.
Ауыл мен қалаға – тең мүмкіндік
ЖЕТІСУ үшін орта білім сапасын арттыру мәселесінің жөні бөлек. Өңір мектептерінің 80,5 пайызы, яғни 253 мектеп ауылдық жерде орналасқан. Өткен оқу жылында 50 мектепке атаулы қолдау көрсетіліп, нәтижесінде білім алушылардың жетістіктерінде оң динамика байқалды. Сыртқы бағалауға қатысқан 4-сынып оқушылары республика бойынша төртінші, 9-сынып оқушылары жетінші орынға ие болды.
Ендігі мақсат – қол жеткізген нәтижені тұрақтандыру. Сондықтан қолдау көрсетілген 50 мектепте оқу жылының соңында қайта тестілеу жүргізілмек.
Сонымен бірге жаңа оқу жылында нәтижесі төмен 60 мектепке атаулы қолдау көрсету көзделді. 2028 жылға дейін бұл жұмыс барлық мектептерді кезең-кезеңімен қамтып, өңірлік білім сапасын басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталмақ.
2027 жылдың қаңтарынан барлық білім беру ұйымдары аудандық, қалалық әкімдіктердің тікелей құзырына көшеді.
Еңбек нарығына жол
БІЛІМНІҢ нәтижесі дипломмен аяқталмауы керек. Бұл еңбекке, кәсіпке, өз орнын табуға ұласуы тиіс. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің алдында да жаңа міндеттер тұрды.
Колледж түлегінің басты көрсеткіші диплом саны емес, оның еңбек нарығында сұранысқа ие болып, тұрақты жұмысқа орналасуы болмақ.
2026 жылдың қорытындысы бойынша түлектердің бірінші жылы жұмысқа орналасу деңгейін кемінде 75 пайызға жеткізу міндеті қойылды. 9-сынып түлектерін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін кәсіптік біліммен толық қамту, дуальды оқытудың үлесін 2027 жылға қарай 50 пайызға жеткізу көзделді. Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығының нақты қажеттілігіне және кәсіпорындардың сұранысына қарай қалыптасуы тиіс.
Ұстаз барда – нәтиже бар
ӘҢГІМЕ білім туралы болғанда ұстазды айналып өту мүмкін емес. Білім беру жүйесін қанша жаңартсақ та, жаңа технология енгізсек те оның нәтижесін балаға жеткізетін мұғалім. Сондықтан кадр мәселесі де конференцияның маңызды тақырыптарының бірі болды.
Қазіргі таңда облыста 49 педагог маман жетіспейді. Осыған байланысты бос жұмыс орындарын 1 қыркүйекке дейін толықтыру міндеті қойылды. Мектеп директорларының кадрлық резервін қалыптастыру жұмысы нәтижесін берген. Дегенмен Ақсу ауданында – 1, Көксу ауданында – 1, Панфилов ауданында – 3 мектеп басшысы лауазымы бос тұр.
Шалғай елді мекендерге сырттан маман тартудың қиындығын ескере отырып, кадрлық резервті сол елді мекендерде тұратын, талапқа сай жергілікті педагогтер есебінен қалыптастыру ұсынылды. Бұл тәсіл мектептермен қатар балабақша басшыларына да қолданылмақ. Білім саласындағы нәтижелердің артында осы педагогтердің еңбегі тұрғаны да ерекше атап өтілді.
Облыс құрылғаннан бері білім сапасы 63,8 пайыздан 65,1 пайызға, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамту деңгейі 93,7 пайыздан 97,5 пайызға өскен. 12 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырған.
Өңірде 19 жаңа білім беру нысаны салынып, 22 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Апатты және үшауысымды мектептер жоқ. Білім беру нысандарын жаңарту деңгейі 41,8 пайызға жеткен. Мектепке дейінгі ұйымдарда шамамен 7 мың жаңа орын ашылған.
Ал ұстаз мәртебесіне көрсетілген құрметтің бір айғағы – облыс құрылғаннан бері білім саласына қосқан елеулі үлесі үшін 25 педагогтің мемлекеттік наградалар мен атақтарға ие болуы. Олардың қатарында «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарының иегерлері және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған педагогтер бар.
ЖИЫН СОҢЫНДА еңбегімен ерекшеленген педагогтер марапатталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалі, сондай-ақ бірнеше мұғалімге «Еңбек ардагері» медалі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Бұл – ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, елдің келешегін тәрбиелейтін мамандыққа деген жоғары бағаның белгісі.
САПАЛЫ БІЛІМ елдің ертеңін қалыптастырады. Берік құндылық сол ертеңнің іргесін бекітеді. Ал табысты тұлға осы екі ұғымның тоғысынан туады. Жаңа оқу жылына жол ашқан Тамыз конференциясы осындай үлкен жауапкершілікті тағы бір мәрте алға шығарды. Ендігі міндет белгіленген мақсаттарды нақты іске айналдырып, әр балаға сапалы білім алуға мүмкіндік беру, әр ұстаздың еңбегін бағалау және білімді ұрпақпен бірге берік мемлекет қалыптастыру.
Сарби ӘЙТЕНОВА





