Ұлттық банк қазан айындағы валюта нарығындағы жағдайды жариялады, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ресми мәліметке сәйкес, қазан қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 529,96 теңгеге дейін нығайып, 3,5%-ға өскен. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 248 миллионнан 271 миллион АҚШ долларына дейін артқан. Жалпы сауда көлемі 6 миллиард долларды құраған.
Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі
Қазанда Ұлттық қордан 660 миллион АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл қаражат республикалық бюджетке трансферт бөлуге және «Талдықорған–Үшарал» газ құбырын салу жобасын қаржыландыруға бағытталған. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда көлемінің 11 пайызын немесе күніне шамамен 30 миллион долларды құрады.
Интервенция және зейнетақы активтері бойынша мәлімет
Ұлттық банк қазан айында валюта интервенциясын жүргізбегенін хабарлады. Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) активтерінің 40 пайызы шетел валютасында екенін ескеріп, қазанда АҚШ долларын сатып алмаған. Қараша айында да валюта сатып алу жоспарда жоқ.





