Әр ана тек бауырындағы баласымен ғана бақытты. Көзінің ағы мен қарасындай болған баланың қызық, қуанышын көру ана үшін ең үлкен қуаныш! Тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп, перзентін бауырына алып, өмірге кішкентай ғана адамды алып келу үлкен ерлікпен тең. Сол өмірге алып келген перзенттен ғұмыр бойы жылы сөз естіп, мейірім, жанашырлық көріп кетсе әр ананың арманы болмас еді.
Өзім өмірге үш ұл, бір қыз алып келдім. Ол заманда бүгінгідей әр балаға жеке-жеке көңіл бөле алмадық. Барынша саналы, білімді болғанын қаладық. Марқұм жолдасым, балаларымның әкесі Ақан: «Балаларға ешқашан дауыс көтерме. Егер артық кетіп жатса бір салып қал. Бірақ қандай жағдай болса да айғайлаушы болма» дейтін. Кей балалардай жер тепкілеп жылап, ата-анасына қарсы шығып, сөз қайтаратын бала болған жоқ.
Бала деген біріне-бірі сүйеу болып өсіп кетеді екен. Айдарым мен Айдыным екеуі қатар жүріп, ержетті. Әкесі екеуі таласып қалмасын деп үнемі бірдей ойыншықтар сатып әперетін. Бірақ екеуі ешқашан өзге балалар секілді жаға жыртысқан емес. Ал қызғалдағымыз, әкесі өзі есімін қойған Динамыз ағалары мен інісіне еркелеп өсті. Әкесі: «Динар деген ақша ғой. Қызыма ондай есім бермеймін. Дина Нұрпейісова апасындай күйші болсын» деп ырымдады. Кенжеміз Әлимир алдыңғы арбаның салған сара жолымен түзу жүріп, озат оқушылардың қатарынан табылды.
Шаңырағымызда баланың білімі бірінші орында тұрды. Бір қызығы, әкесі де, мен де олардың сабағына қатты көңіл бөлген емеспіз. Әкелері: «Ешкім сендерге көмектеспейді. Әркім өзі үшін оқып, білім алады. Өз өмірлерің өз қолдарыңда» деп жауапкершілік жүгін өздеріне артып беретін. Балаларымыз соны түсінді. Олар біріне-бірі сүйеніп, қамқорлық танытып өсті. Ол кезде қазақ мектебі болмай орысша оқуға мәжбүр болды. Бірақ нәтижесі жаман болған жоқ. Барлығы да мектепті үздік бітірді. Жоғары оқу орнын тамамдап, әр салада жемісті еңбек етті. Кейде уақыттың сондай жүйрік екеніне таңданамын. Кеше ғана бауырыма басып, айналып-толғанған қарлығаштарым бүгін қанаттанып, өз жолдарын тапты. Ең бастысы – дін аман. Ана үшін перзентінің амандығынан асқан бақыт та, байлық та жоқ.
Айдыным ғарышқа ұшқандағы көрініс күні бүгінге дейін көз алдымда. Дүрілдеп көкке көтерілгенде жыламаған адам қалмады. Жүрегім алып-ұшып, тарсылдап Айдынмен бірге ғарышқа ұшып кеткендей күй кештім. Екі көзден тоқтамай аққан жасты тыю мүмкін болмады. Сұхбатқа тартқан тілшілерге қарап: «Сөйлей алмаймын» деген бір-ақ ауыз сөзді әрең айттым. Тек басымды шайқап, жылап қана қала бердім. Бұл Айдынымның жылдар бойы тынымсыз еңбегінің арқасы. Тауға да, тасқа да, мұхитқа да, құмға да барып түрлі сынақ тапсырды. Тіпті, ішкен асына да өте байыпты қарады. Ішкі рухы мықты балам барлығына төтеп берді. Ұлымның үміті, арманы орындалды. Ана жүрегі баласы жанында отырса да уайымдайды емес пе?
Жарық дүниеге алып келген перзенттерімнің бәрі бірдей. Ешкімді бөліп-жармаймын. Ағалық, қарындастық құрметтері жоғары. Немерелерімді де бөлмеймін. Қылығымен тәтті кішкентай немерелерімді жақсы көріп, қалғанын жақсы көрмеу мүмкін емес.
Ананың тіліне, ананың махаббатына, ананың тілегіне жетер жылы сөз жоқ әлемде. Ананың айналып-толғанғаны әр баланың жүрегінде мәңгі қалатыны анық. Анаға деген махаббат шақалақтың құндақталған сәтінен басталады. Ананың жолы басқа жол. Ана деген сөздің өзі ыстық. Осы бір қасиетті де құдіретті сөзді айтқанда толқымайтын жүрек жоқ шығар, сірә!? Осы жүрекке салмақ түспесе екен деймін. Әр анаға перзенті шын жүректен бір ауыз жылы сөз айтса соның өзі жеткілікті. Аналық жүрегіммен әр әйелге бақыт тілеймін.
Жұмакүл АЙЫМБЕТОВА
Астана қаласы
Фото: kartinki.pics





