Жетісу облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан профилактикалық шараларға қарамастан, тағы бір жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
4 қараша күні сағат 19:20 шамасында Сарыөзек–Көктал автожолының 50-шақырымында «Toyota Land Cruiser» көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылды.
Апат салдарынан 1971 жылы туған жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы үш жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Белгілі болғандай, бұл көлік жол апатына дейін небәрі 15 минут бұрын полиция қызметкерлері жүргізген профилактикалық тексеріс кезінде тоқтатылған.
Облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын жалғастырып жатыр. Тәртіп сақшылары тұрғындарды сақ болуға шақырады.
«Рөлдегі бір сәттік бейқамдық адам өмірін қиюы мүмкін. Өз өміріңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар», – деп ескертті полиция өкілдері.





