Белгілі актер, режиссер әрі продюсер Джеки Чанның Қазақстанға сапары үлкен кино жобамен байланысты болып шықты. Ел аумағында аты аңызға айналған «Доспехи Бога» («Armour of God») франшизасының төртінші бөлімі түсірілмек. Бұл туралы Sәlem Entertainment медиакомпаниясы хабарлады. Компанияның мәліметінше, жаңа фильмнің негізгі түсірілім алаңы ретінде дәл Қазақстан таңдалған.
Фильмнің түсірілімін Қазақстанда өткізу туралы шешім Пекинде өткен бастапқы талқылаудан кейін қабылданған. Бұл таңдауға еліміздің көркем табиғаты, заманауи инфрақұрылымы және Орталық Азиядағы киноөндіріс саласына артқан жаһандық қызығушылық әсер еткен.
1986 жылы жарық көрген «Доспехи Бога» фильмі Джеки Чанның ең танымал еңбектерінің біріне айналды. Онда актер әлемді шарлап, ежелгі жәдігерлерді іздейтін қазына іздеуші Азиаттық Бүркіт рөлін сомдайды. Кейінгі бөлімдері Operation Condor (1991) және Chinese Zodiac (2012) — көрермендер арасында үлкен табыспен қабылданған.
Ал жаңа бөлім «Доспехи Бога: Ультиматум» — халықаралық жобаның аясында түсірілуде. Фильмде отандық актер, Sәlem Entertainment жобасының жұлдызы Рүстем Омаров та бой көрсетеді. Ол бұл фильмде актер әрі сценарист ретінде қатысып жатыр.
«Бала кезімнің кумирі Джеки Чанмен бірге түсетініме өте қуаныштымын», — деді Рүстем Омаров.
Желі қолданушылары мен қазақстандық көрермендер бұл жаңалықты үлкен қызығушылықпен қабылдады. Сонымен қатар, бұған дейін елордада түсірілген тағы бір халықаралық жоба фантастикалық «Альтер/Altered»фильмі де назар аудартқан еді. Оның трейлерінде Астананың танымал нысандары «Нұр Әлем» сферасы мен Назарбаев орталығы көрсетілген.
Осылайша, Қазақстан әлемдік киноиндустрия үшін жаңа шығармашылық бағыттардың бірі ретінде қалыптасып келеді.





