Биыл Жетісу облысы аумағындағы жалпы қант қызылшасы егілген жер көлемі 12 мың гектардан асады. Осыған байланысты қазір өңірде тәтті түбір жинау мен зауыттарға өнім өткізу жұмыстары жалғасуда.
Жауаптылардың сөзінше, бүгінде аймақтағы Ақсу және Көксу қант зауыттары еш кедергісіз өнім қабылдауда. Алдағы уақытта бұл екі өндіріс ошағы барлығы 530 мың тоннаға жуық қант қызылшасын қайта өңдеу жоспарланып отыр.
Талдықорған қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметінше, биылғы жылы облыс орталығындағы диқандар егін еккен жер көлемі 6 мың гектардан асады. Оған дәнді және майлы дақылдармен қатар бақша өнімдері, мал азықтары, сондай-ақ өңірдің төл өнімі — қант қызылшасы себілген. Нақтырақ айтқанда, оның ішінде 180 гектар алқапқа күздік, 80 гектарына жаздық бидай, 140 гектар аумаққа күздік, 160 гектардан астам жерге жаздық арпа және 580 гектар алқапқа жүгері егілген. Соның нәтижесінде аталған егістіктерден барлығы 7 534,8 тонна астық, ал 2 000 гектардан астам жердегі майлы дақылдардан 6 153 тонна өнім жиналған.
Ал Талдықорған қаласы бойынша биыл 4 шаруа қожалығы 90 гектарға жуық жерге қант қызылшасын еккен. Бұл алқаптардан 6 мың тоннадан астам өнім алынады деп күтілуде. Қазір түсім жаман емес, жаз бойы еңбектенген диқандар биыл да тәтті түбірден мол өнім алуға ниетті. Қазіргі уақытта егіс алқаптарында жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Қалалық «Самай» шаруа қожалығының басшысы Еркінбек Сіламовтің айтуынша, биылғы өнім өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
– «Өткен жылы, Аллаға шүкір, басқа да дақылдармен қатар 20 гектар жерге қант қызылшасын егіп, одан 1100 тонна өнім алып, Көксу қант зауытына өткізген болатынбыз. Бұл, әрине, ең жоғарғы көрсеткіш. Әр гектар жердің өнімі 450 центнерден айналған. Енді биыл тәтті түбір егістігінің көлемін тағы да ұлғайтқан едік. Бұдан алынатын өнім екі есе артады деген үміттеміз. Қазір өнімді жинап, өткізу жұмыстары жалғасуда», – дейді шаруашылық иесі.
Сала мамандарының дерегінше, қазір облыс орталығына қарасты 377 шаруашылық құрылымы бар. Олардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Соның ішінде «Самай», «Мақан-Алмас», «Бейсенбаев Б.Д.» және «Сәпи» шаруа қожалықтары, сондай-ақ «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жыл сайын өнім алудан көш басында. Шаруалар қажетті заманауи техникалық құрал-жабдықтармен, тұқыммен, тыңайтқышпен және жанар-жағармаймен толық қамтылған. «Қазсушар» қалалық филиалы арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, суармалы алқаптарға су жеткізу жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Айдын КӘЛІМХАН






