Қаратал ауданы, Үштөбе қаласының қақ ортасында әлі күнге дейін қазақ қоғамының жанына жат ескерткіш қасқайып Ленин мен Маркс бейнесі тұр. Бірі – жат идеологияның жетекшісі, екіншісі – сол жүйенің рухани тірегі. Ал біз солардың тас мүсінін Тәуелсіз елдің ортасында не үшін сақтап отырмыз?!
Бүгінгі Үштөбе – жаңару мен өзгеріс жолындағы қала. Бірақ дәл осындай өткеннің елесіндей, бодандықтың белгісіндей мүсіннің тұруы сана еркіндігіне көлеңке түсіріп тұрғандай әсер қалдырады. Кеңестік кезең тарих қойнауында қалды. Тарихты ұмытпаймыз, бірақ оны төрге шығару – тәуелсіздіктің рухына қайшы.
Иә, біз өз батырларымызды, өз көсемдерімізді ұлықтауға тиіспіз. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов сынды ұлт арыстары неге Үштөбе төрінен орын таппасқа? Олар елдің азаттығы үшін өмірін сарп еткен шынайы ерлер. Солардың рухы ғана келешек ұрпаққа өнеге болмақ.
Осы орайда Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Оңғаровпен байланысқан едік:
– Ол қос мүсін паркте тұр. Алдағы уақытта саябаққа жөндеу жүргізілген кезде міндетті түрде алып тастаймыз. Арнайы техника жұмылдыратын боламыз, – деді.
Демек, бұл мәселе күн тәртібінен алыс емес. Тек уәде іс жүзінде орындалса болғаны. Өйткені, тәуелсіз елдің болашағы – өткеннің бейнесін емес, өз болмысын ұлықтағанда ғана жарқын болмақ.
Біз рухани тұрғыдан жаңғыруға ұмтылған халықпыз. Ендеше, жат идеологияның көлеңкесінде емес, Алаштың айбыны астында өмір сүрейік. Қасқайып тұрған жат мүсін емес, елге адал қызмет еткен өз тұлғаларымыздың бейнесі көрінсін Үштөбенің төрінен.
С. КӘКІМҰЛЫ
Қаратал ауданы





