Қыстың көзі қырауда. Осыған сәйкес Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Жетісу облысының орталығындағы мердігер мекемелердің жұмысымен барысымен танысып, қысқа дайындығын тексерді.
Салаға жауаптылардың сөзінше, бүгінде Талдықорған қаласына қарасты жолдарды күтіп ұстаудың тиімділігін арттыру, қысқы және жазғы жол жабындары мен тротуарларды абаттандыру бойынша қала 6 ауданға бөлінген. Онда жалпы ұзындығы 332 шақырымға жуық аумақ бар, оның ішінде 225 көше, 84 жаяу жүргіншілер жолы және 213 аялдама кешені орналасқан. Оларға «Евразия Инвест Строй», «SM Group KZ», «Талдықорған Көркейту», «АБС-ЛД Строй» сынды бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарда 123 бірлік арнайы техника, 4 400 тонна құм және 1 100 тонна тұз қоры дайындалған.
Қыс маусымы кезінде аталған мекемелердің көлік және жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазалайтын арнайы техникалары мен басқа да дайындығын тексерген шаһар басшысы бірқатар мәселелерді әлі де пысықтау қажеттігін жеткізді.
– Бүгін қаланың қысқы маусымға дайындық барысын көріп, арнайы техникалардың жай-күйін тексеріп шықтым. Барлық жауапты мердігер мекемелердің инертті материал қоры мен техникалары жеткілікті. Бұл Талдықорған қаласының қысқы маусымға толықтай дайын екенін аңғартады, – деді Ернат Дүйсенбекұлы.
Айдын КӘЛІМХАН





