Әлеуметтік қызметкерден әкімге дейін
– Еңбек жолымды балабақша тәрбиешісі, кейін әлеуметтік қызметкер болып бастадым. Сол тұста еңбекақыма бір қап ұн берілетін. Жауапкершілікті бәрінен бірінші қоятынымды байқаған басшылық 1998 жылы ауылдық кеңестің салық жөніндегі есепші қызметіне тағайындады. Кейін Қарашоқы ауылдық округі аппаратының бас маманы, есепшісі, іс жүргізушісі қызметін атқардым. Ауылымыздың өркендеп, дамуына бір кісідей атсалысқан Азамат Халықұлы орнын босатқанда, ауыл ақсақалдарына барып, «тағы бірнеше жылға қалуын сұрайық» деп жүгірдім. Бірақ бәрі мен қалағандай болмады. Ауылдастар қолдап, аудан басшысына барып әкімдікке мені ұсынған екен. Үш ұйықтасам да әкім болуды ойламаған мен сөйтіп сайлауға түстім. Халықтың таңдауымен қорқа-қорқа әкім болып, жауапкершілік жүгі екі еселенді. «Халық – сыншы, бірақ қашан да әділ». Қанша қорықсам да халқыма сеніп, қыруар іс тындырдық. Қарашоқы ауылдық округінде 1885 адам өмір сүреді. Ауылда егін және мал шаруашылығымен айналысатын 101 жеке шаруа қожалық бар. Бір ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі болса, 65 жеке кәсіпкер, 14 дүкен бар. Ауылда 3950 бас ірі қара, 24800 бас қой және ешкі болса, 4100 бас жылқы, 2400 бас құс бар. 2340 гектар жайылым жерге ауылдастар төрт түлігін асырап-бағуда. Көгалдандыру бойынша ауылдық округте 100 түп қылқан жапырақты ағаш және 100 түп жеміс ағаш егілді. Әлі алда атқаратын жұмыс көп.
Әкім – халыққа жақын адам болуы тиіс. Осы орайда біздің кейіпкеріміз халық алдында үнемі ашық диалог құруға ұмтылады. Бәрімен емен-жарқын араласып, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын бұрыннан-ақ қалыптастырып үлгерген білікті маман. Дина Ерасылқызы кіндік қаны тамған ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін жақсы таниды. Жастайынан ауылдағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне себепкер болды. Сондықтан ауылының тыныс-тіршілігін бес саусақтай білетін нәзік жан үшін әкім болу аса қиындық келтірмеген. Ауылдастарымен біте қайнасып, шаңырағы ортасына түскелі тұрған көп отбасының қайта жарасып кетуіне ықпал еткен. Аналық ақыл-кеңесін айтып, шәй дескен отбасын татуластыруға барын салады. Өйткені сол бір жылдарда талай жасқа ақ тілегін айтып, неке жүзіктерін ұсынып, неке қию рәсімін де атқарған. Сондықтан да болар, көп отбасы күні бүгінге дейін жақсы адамның алдын кесе-көлденең өтпейді.
Ауылдағы ағайыннан бір қоңырау түссе немесе әлеуметтік желіден хабарлама келе қалса кабинеттегі былғары креслосында шіреніп отырмай, бірден сол үйге ат басын бұрады. Бұл оның «әкім болып құрмет пен қошеметке бөленейін» деген ойы емес, пейілінің кеңдігі мен жүрегінің тазалығынан деп түсіндік. Себебі ержүрек, батыл, жұмыскер, ақ адал қызды ауылдастары аялы алақанға салып аялап келеді. Адам баласы үшін осыдан артық бақ та, бақыт та керек емес-ау, сірә?!
Уәде – Құдай сөзі
– Халық алдында жүзім ашық. Себебі, ешкімнің ақысына қол сұғып, бармақ басты, көз қыстылық жасамадым. Бір сөзбен айтқанда – арым таза. Адалдық – адамдықтың белгісі. Халқыма бос уәде беріп, құрғақ сөйлемеймін. Қолымнан келмесе бірден ашып айтамын. Ең бастысы – халықты тыңдау керек. Кейде сөз арқылы да біраз дүниені шешуге болады. Әйел әкім болу қиын. Егер қызметіңді жіті түсінбей, халық аманатын сезінбей, мақсат тек 8 сағат жұмысқа келіп, айлық алу болса, онда оңай. Ал 24 сағат, 365 күн аманатты арқалау, оны абыроймен атқаруға келгенде біраз салмағы артады. Өз отбасымнан бөлек, тұтас ауылдағы әр тұрғынның қамын ойлауым керек. Үнемі қызметкерлерге «Әкімдік – ауылдың айнасы. Келген әр кісіні күліп қарсы алып, күліп шығарып салыңыздар. Құрметтеңіздер. «Мен әкім, сіз еден жуушы» деп бөлінбейміз. Бәріміз теңбіз. Маған ерекшелеп құрмет көрсетіп, басқасын төмендетуге жол бермеймін. Қызметкерлердің үстіне ілген киіміне де аса қатты мән беремін.
Әкімнің бір күні қалай өтетіні бәріне қызық. Біздің кейіпкеріміз «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген ұстанымда. Ешқашанда сағат 7.00-ге дейін ұйықтамаған, курорт, санаторияға барып көрмеген, той-томалаққа шаш үлгісін, макияж жасап, ерте бармайтын іскер әйелдің бір өзіне артылған қыруар жұмысы бар. Ол кісі құрбыларымен бір шәугім шай ішуге уақыт таппайды. Бір сөзбен айтқанда – нағыз істің адамы.
Дина Ақбасова таңмен таласып, тірлікке араласып, немерелеріне уақыт бөлуге тырысады. Оларды балабақша мен мектепке апарған соң жаяулатып ауылды бір аралап шығу да бұл кісінің күнделікті әдеті. Бірнеше жыл бұрын ертелете сиырдың табынына шығып, үлкен-кішімен сөйлесіп, кешке таман табынды күтіп алатын. Мұндағы мақсат – ауылы аралас, қойы қоралас ағайынмен тілдесіп қалу, жағдайын білу. Ауылдағы әкімдік Дина Жанасылқызы үшін екінші үйі. Жастайынан аттаған босағасында 41 жылдан аса уақыт абыройлы еңбек етіп келеді. Бір сағат бұрын жұмысқа келіп, әкімшілік есігін өзі ашып, қайтарда өзі жауып шығады. Ауылды жаяу аралап, кем-кетігін көзбен көріп, сол олқылықты жою үшін қызметкерлеріне тапсырманы да таңнан бөліп қояды.
Ауылдағы ескі, бос тұрған үйлердің иесін тауып, құжаттарды рәсімдеуге де өзі араласып жүр. Болашақта сол үйлердің орнына жаңа баспана салып, кезек бойынша әр санаттағы азаматтар қоныстойын тойламақ. Ауылдағы басы ауырып, балтыры сыздаған үлкендерді емханаға апару да кей сәттерде ауыл әкімінің қызметіне «кіріп кетеді». «Еліме еркелеген Дина болғаным осы ақ батаның арқасы шығар, бәлкім?! Батаның құдіреті ерекше» деп тебіренеді аяулы жан.
Жоқтың түбі жоғалар
– Ата-ананың да, бауырдың да мөп-мөлдір махаббатына қанып, ханшайымдай өскен жанмын. Туған әкем Ерасыл болса, баққан әкем Жанасыл. Кіші әкемдер бір перзентке зар болғанда ата-анам егіз баласының бірін қазақы салтпен інісіне береді. Барған әулетіме құт болып, соңымнан өмірге үш інім келді. Оларға жанашыр әпке бола алдым деп ойлаймын. Қос әкем өмірден өткенде қатты қиналдым. Асқар тауым шағылды. Адалдықты, адамдықты, керек кезде қаталдықты, уәдеге беріктікті әкелерімнен үйрендім. Ерасыл әкем үнемі: «Үйге келген қонақ тамаққа емес, қабаққа қарап келеді. Мейман кетерде емес, келгенде «шай ішіңіз» деп айтыңдар. Ешқашанда ауыздарыңнан «жоқ» деген сөзді естімейін. «Жоқтың түбі жоғалар». Хан басыңды алса да өтірік айтып, кісі ақысын жемеңдер. Өмірге адам боп келіп, адам боп кетуді ойлаңдар» деп жиі айтатын. Осы сөздер мені рухтандырып, жігерлендіреді. Қазір осынау қасиетті сөздерді бала-шағама айтамын. Себебі, әкеден қалған асыл сөз – бойтұмарыма айналды.
Қанша жерден мықты әйел болса да жаны нәзік Дина Ерасылқызы баққан әкесі Жанасылдың да аты өшпесе екен деп бізге қос әкесінің атын қатар жазуды өтінді. Еркелеп өскен ханшайым әкеден, Құдай қосқан жолдасы Алтынбек Шыңғысбаевтан айырылса да тағдырдың сынағына мойымай, перзенттерін адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Қазір қинала қалса жолдасының суретіне қарап үнсіз тілдеседі. Тіршілігінде көп қолдау танытқан балаларының әкесі: «Аналарыңды күтпеңдер. Ол жұмысы бітпей үйге қайтпайды. Егер қайтып кетсе, әкімдік құлап қалады. Мазаламайық» деген қалжыңын бүгінде сағынышпен еске алады.
Қызметте әкім, ал үйде аяулы ана, ардақты әже. Отбасы, ошақ қасында берекесі тасыған жақсы адам ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық негізді басшылыққа алады. Көпті көрген, түйгені мол тәжірибелі жан соңғы уақытта бала-шаға ортасында бірге отырып, ас ішуден де қалған. Себебі халықтың қалауы ол кісі үшін бірінші орында. Балалары да қалжыңдап: «Анашым, мемлекеттік қызмет сізге риза шығар. Енді зейнетке шығып, алтын уақытты өзіңізге арнаңыз» десе Дина Жанасылқызы бірден: «Әлі ауылға газ кірмеді. Үй салып, заман талабына сай ауылды көркейтуіміз керек» деп жанталасады. Осындай жұмысына адал, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын қазақтың қайсар ұл-қызы көп болса алыстағы ағайынның да жағдайы әлдеқайда жақсы болар ма еді?!
Аманатқа қиянат жоқ
– Көзімнің ағы мен қарасындай болған ұл-қызым үмітімізді ақтады. Жаман тәрбие бермедік. Елдің ортасында өсті. Оқыттық, тоқыттық. Оларға үнемі «Жұмысты жалақы үшін істемеңдер. Жүректі дүниеге толтырмай, ізгіліктің ізін жалғаңдар» деймін. Тұңғышыма жүкті кезімде ауылдағы жақсы адаммен қарын құда болдық. Болашақ екі құдағи ішімізді түйістіріп, жас болсақ та дәстүрді жалғастырдық. Өмірге біреуіміз қыз, екіншіміз ұл алып келіп, қырқынан шығарған соң енемді және ауылдың ақ самайлы, алтын құрсақты жеті анасын апарып, қазақтың салтын жаңғырттық. Енем марқұм сондай берекелі, сабырлы, алтын жан еді. Сол кісілердің батасын алып, шаңырақ құрған қос балам бүгінде осы әулеттің ақыл айтар үлкендері. Қасиетті қара шаңырақта отырған келінім сырласым, жанашырым. Анасы өмірден өтерде қызын маған аманаттап кеткен еді. Жалпы, менің мойнымда аманатталған жүк көп. Алтын, Нұрзақа аналарымның ақ сүтімен бойыма берілген адалдықтың ақ туын соңғы демім қалғанша құлатпай, аманатқа да қиянат жасамай өтсем деген арманым бар.
Жүрегі жылы. Балаларына да, немерелеріне де, жалпы адамзат баласына елжіреп тұрады. «Қысқа ғана ғұмырды әдемі өткізу керек» деген бұл кісінің бойында адамгершілік пен әділдік ұғымының бәсі биік.
Қос әке-шешенің үкілеген үмітін ақтаған Дина Ақбасованың қажырлы еңбегі елеусіз қалған емес. Ол ақ адал еңбегінің өтеуі ретінде «Шапағат» медалін, ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерейтойлық, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мерекелік медальдарын кеудесіне тақты. Адал еңбектің, төккен маңдай тердің өтеуі ретінде көптеген Құрмет, Алғыс хат сөресінде толып тұр. Алайда ол кіндік қаны тамған туған жеріне сіңірген еңбегінің жемісі ретінде «Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы» атағын ерекше бағалайды. Ешқашанда қара бастың қамын емес, елдің берекесін, болашағын ойлаған Дина Жанасылқызы үшін қашан да ХАЛЫҚТЫҢ АҚ БАТАСЫ барлық марапаттан да бағалы әрі биік.
Еңлік КЕНЕБАЙ





