Студенттік шақ – адам өміріндегі ең ерекше кезеңдердің бірі. Бұл уақытты бір сөзбен сипаттау қиын: ол – қуаныш пен қиындықтың, үміт пен күмәннің, ізденіс пен табыстың тоғысқан шағы. Төрт жыл ішінде студент түрлі сынақтан өтіп, өмірдің шынайы бейнесімен бетпе-бет келеді. Кеше ғана мектеп партасында отырған оқушы бұл кезеңде өздігінен шешім қабылдай алатын, жауапкершілікті сезінетін тұлғаға айналады.
Мен үшін студенттік шақ – тек білім алу ғана емес, өмірді тану болды. Осы төрт жыл ішінде әртүрлі қиындықта, қуаныштта орын алды. Алғашқы кезде жаңа ортаға үйрену оңай болған жоқ. Бейтаныс адамдар, жаңа талаптар, үлкен жауапкершілік – мұның бәрі адамды ойландырады. Бірақ уақыт өте келе сол қиындықтар адамды шыңдап, мықты етеді екен. «Журналист боламын десең, алдымен өзіңнің кім екеніңді тану керек» деген Ілескен Әлбатырұлы ағайымыз бізге арнайы тапсырма берген еді. Бұл тапсырманы орындау үшін бәрі жан-жақты ізденіске кірісті. Ал мен болсам, интернетті ашып, «Мен кіммін?» деген эссені дайын күйінде көшіріп алдым. Ертеңінде ағайымыз әркімнің жұмысын ақ параққа шығарып, бірге талдадық. Сол сәтте біреудің шығармасын көшіріп алғаныма, өзімнің жалқаулығыма қатты ұялдым. Компьютер арқылы кімнің қай еңбекті алғанын, оның қашан жазылғанын бәріміздің көз алдымызда көрсетіп отырды. Ішімде өкініш, бір жағынан «неге мұны бәріне жария етеді» деген реніш те болды. Алайда дәл сол сәттен бастап мен өзіме үлкен сабақ алдым.Әр тапсырманы жауапкершілікпен, адал еңбектің нәтижесімен орындау керектігін түсіндім. Енді барынша тапсырмаларды тыңғылықты әрі өз ойыммен орындауды өзіме міндет еттім. Сонымен қатар, Ілескен Әлбатырұлы да студенттердің тек білімді емес, тәрбиелі, саналы азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосты. Оның әр сабағы тек пәнмен шектелмей, өмірлік мәні бар ойларға толы болды. Осындай ұстаздардың арқасында біз тек маман емес, тұлға болып қалыптасып келеміз.
Студенттік өмірдің әр күні бір сабақ. Кейде сәтсіздіктер болады, кейде керісінше, жетістікке жетесің. Бірақ ең бастысы – сол сәттің барлығы тәжірибе береді. Қиындықтардан қашпай, керісінше оларды жеңе білу – студенттік шақта үйренетін ең маңызды қасиеттердің бірі. Осы жолда бағыт-бағдар беріп, сенім сыйлаған ұстаздардың орны ерекше. Солардың бірі – Бибігүл Жұмашқызы. Бізге тек білім беріп қана қоймай, әр қадамды нық басуға үйретті. Ұлағатты жанның йтқан әрбір сөзі бізге күш беріп, алға ұмтылуға шабыттандырды. Ал Айсұлу Кенжетайқызынан алған тәлім – сабырлық пен талапшылдықтың үйлесімі. Ол бізге әр істі жауапкершілікпен атқаруды, өзімізге жоғары талап қоя білуді үйретті. Кейде оның талапшылдығы қиын көрінгенімен, уақыт өте келе оның бәрі біздің болашағымыз үшін маңызды екенін түсінесің.
Студенттік шақ тек оқу емес, ол – достықтың да бастауы. Осы жылдары жанынан табылған достар, бірге өткізген сәттер, ортақ қиындықтар мен қуаныштар – бәрі де өмірдің ең бағалы естеліктеріне айналады. Бір аудиторияда күліп отырған, кейде емтихан алдындағы қобалжу – мұның бәрі ұмытылмас сәттер. Төрт жыл – аз уақыт сияқты көрінгенімен, оның ішінде үлкен өмір жатыр. Әр күн, әр сабақ, әр кездесу – бәрі адамды өзгертеді. Студенттік шақта алынған тәжірибе мен тәрбиенің маңызы зор. Бұл кезең адамды тек маман емес, өмірге дайын тұлға етіп қалыптастырады.
Студенттік шақ – сынақ пен табыстың, еңбек пен демалыстың, арман мен мақсаттың қатар жүретін ерекше кезеңі. Адамды шыңдап, болашаққа сеніммен қарауға үйретті. Сондықтан студенттік өмірдің әр сәтін бағалап, одан барынша сабақ алу – әр жастың басты міндеті.
Айдана АМАНЖОЛҚЫЗЫ
ЖУ студенті





