Бақтыбай Жолбарысұлы ел есінде ерекше сақталған ақындардың бірі. Ол өз дәуірінде от ауызды, орақ тілді, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сөз майданының сарбазы болған. Жетісудың құнарлы топырағынан түлеп ұшқан ақынның жырлары ұлттың ұжданы мен намысының үніне айналды. Ел аузында сақталған деректерге сүйенсек, Бақтыбай жастайынан зерек, суырыпсалма қабілетімен көзге түсіп, талай айтыстарда топ жарған. Тіл мен ойдың тізгінін қатар ұстаған ол заманның дүлей дауылында да ел бірлігін ту еткен.
Ақынның шығармалары елдік пен ерлік, адалдық пен ар туралы тебіреністерге толы. Оның айтыс өнеріндегі мұрасы қазақ поэзиясының шоқтығы биік шежіресі іспетті. Әрбір айтысында қарсыласын сөзбен ғана емес, парасатпен, пайыммен жеңіп, көрегендік танытқан. Сол дәуірдің өзінде-ақ Бақтыбайдың аты «жырдың жүйрігі», «сөздің сұңқары» деп дәріптелді. Ол өз халқының қуанышын да, қайғысын да жүрегімен жырлады. Ел басына күн туған сәттерде жырын қалқан, сөзін найза еткен ақын – халқына рух беруші, ұлттың намысын оятушы тұлға болған.
Күн арқан бойы көтеріліп, шуағын молынан шашқан сәтте Жетісу өңіріндегі зиялы қауым өкілдері және ақынның ұрпақтары Ынтымақ ауылындағы баба мазарын зиярат етті. Көрнекті жыр дүлдүлінің рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Кесенесіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.
Шара одан әрі Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасты. Конференция тізгінін Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов ұстады. Ол Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдығына арналған «Дүбірлі туған дүлдүлім» атты мерейтойлық жиынның мән-мазмұнына тоқталып, алыс-жақыннан келген қонақтарды көпшілікке таныстырды.
Алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов:
– Қазақ халқының тарихына үңілу, тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын ұлықтау – біздің міндетіміз. Бүгінгі конференция жұмысына Бақтыбай бабамыздың шығармашылығын жан-жақты зерделеп жүрген ғалымдар мен әдебиеттанушылар, қаламгерлер мен зерттеушілер, сондай-ақ оның ұрпақтары қатысып отырғаны біз үшін ерекше қуаныш әрі зор мәртебе. Осы маңызды шараның рухани тағылымы мол, мазмұны терең боларына сенемін, – деп ізгі тілегін білдірді.
Мерейтойлық басқосуда облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының қолдауымен жарыққа шыққан, ақынның 190 жылдығына арналған «Жетісудың жыр дүлдүлі – Бақтыбай Жолбарысұлы» атты кітаптың тұсаукесері жасалды. Сән-салтанатпен атқарылған рәсімге халық куә болып, қошемет көрсетті.
Салтанатты жиында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Анарбай Бұлдыбай «Дүбірлі туған дүлдүлім» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Бақтыбайға баға берген Тезек төре, Әсет, Уәйіс сынды сол замандағы ақын, әншілердің теңеулеріне тоқталып, өткен күннен сыр шертті.
– Бақтыбай Жолбарыс- ұлы – біріншіден, суырыпсалма ақын, айтыста алдына жан салмаған жүйрік. Ол Сүйінбай, Түбек, Арыстан, Жамбыл, Әсет, Жүсіпбек қожа, Уәйіс секілді тарландармен, Тезек төре, Мәйке, Бәйімбет, Қыпшақбай секілді майталмандармен айтысқа түсіп, сөз қағыстырған, ХІХ ғасырдың ерен жүйріктері Махамбет, Сүйінбай ақындармен терезесі тең тұрған тұлға. Бақтыбай мұралары туралы пікір айтқан С. Мұқанов, Е. Исмайылов, Р. Бердібаев, М. Дүйсенов, Ә. Тәжібаев, М. Жолдасбеков, С. Дәуітов және т.б. ғалымдардың аты-жөнін тізіп жатпай-ақ «Абай жолы» секілді әлем мойындаған эпопея, қазақ ауыз әдебиетін алғашқы зерттеп оқулық жазған Мұхтар Әуезовтің «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына айтыс өнері және Қалқа Жапсарбаев туралы жазған мақаласында Сүйінбай мен Бақтыбай айтыстарын талдай келе Сүйінбайға «Жетісу ақындарының алтын діңгегі», – деп берген бағасы Бақтыбайға да берілген баға деп білуіміз керек. Бұлардан артық сөз айтамын деп тыраштанып жату артық секілді, – дейді Анарбай Бұлдыбай.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін конференция шеңберінде көсіле сөйлеп, көпті сүйіндірді. Әуелгі ойын өлеңмен өріп, Бақтыбай Жолбарысұлына арнау өлеңін оқыды.
Содан кейін Бақтыбай Жолбарысұлының шығармашылық өміріне терең талдау жасады. Балта тілді ақынмен айтысқан, сөз қағыстырған замандас шайырлардың түйдек-түйдек шумақтарынан мысал келтірді. Бақтыбайдың қарсыластарына айтқан алдаспандай өткір ойларын ортаға салды. Оның тұлғалық болмысының қалыптасуы – айналасында осал ақындардың болмағанынан екенін ерекше атап өтті.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Жетісу облысының бас ақыны Айтақын Бұлғақов Бақтыбай Жолбарысұлының ақындығы мен отбасылық өміріне тоқталды. Ол Бақтыбайдың жары Мәйкемен қалай қосылғандығы жөнінде дәйекті деректерге сүйене отырып, дәлел келтірді. Екеуінің өміріндегі болған оқиғаларды көпшілікке кеңінен әңгімелеп берді.
– Үйленгеннен кейін де Бақтыбай мен Мәйке анамыз айтысып отырған. Бақтыбай бабамыздың бойы аласа, мықыр болған екен. Насыбай да атыпты. Мәйке бір күні Бақтыбайға: «Ерінін насыбаймен кір-кір қылып, мұрынын тазаламай қыл-қыл қылып, тырбиған алма ағаштың бұтағындай, Құдайдың жаратуы-ай бұлбұл қылып» – деп баға беріпті. Шындығында оның жақындары құс өсіретін адамдар болыпты, олар бұлбұлдың тілін жұлып алып, Бақтыбайдың 7 айлығында аузына салған көрінеді. Бақтыбай оны 6 күн еміпті, «егер 7 күн емгенімде жер әлемде менен асқан әнші болмас еді» деген екен Жолбарысұлы, – дейді Айтақын Бұлғақов.
Халық аузында жеткен деректерде Бақтыбай Жолбарысұлының талай айтыстарда топ жарғаны айтылады. Қарсыласымен сөз таластырғанда елге шынайы мінездеме беріп, адам болмысын дәл бейнелеуі ақындық шеберлігінің бір қыры. Ол айтыста жеңуді мақсат етпей, әділдікті, адамдықты, ақиқатты айтуға бейім болған. «Айтыс – оның қолындағы қару емес, жүрегіндегі шындықты жеткізетін мінбер іспетті», – дейді зерттеушілер. Сондықтан да ол бір ғана заманның емес, бірнеше ұрпақтың рухани сүйеніші, сөз өнерінің шырақшысы болып қала бермек.
Зиялы қауымның, зерттеушілер мен қаламгерлердің басын қосқан жиын барысында Бақтыбай мұрасының қазақ әдебиетіндегі орны кеңінен талданып, ақынның шығармашылық әлеміне терең үңілуге мүмкіндік берілді.
Биылғы мерейтой аясындағы ең үлкен жаңалықтың бірі – Талдықорған қаласында ақынның құрметіне халық- аралық деңгейдегі айтыстың ұйымдастырылуы. Бұл – Бақтыбай бабаның суырыпсалма өнердегі биік орнын айқындап қана қоймай, оның есімін төрткүл дүниедегі жырсүйер қауымға паш еткен маңызды қадам.
Өмірі өлеңмен өрілген, айтыста оза шапқан, сөздің қадірін айрықша бағалаған Бақтыбай Жолбарысұлының мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Оның еңбегін зерделеу, шығармашылығын насихаттау ұлт руханиятын биіктететін ізгілікті іс.
Айтыстың алдаспаны
(Бақтыбай Жолбарысұлына)
Айтыстың алдаспаны дарақ өскен,
Шұбардың шырайынан самал ескен,
Ақша бұлт басып алып бауырына,
Атағын Алты Алашқа ала көшкен.
Алмас қылыш жарқылдар байтақ елден,
Өйтпесең, бүгін қалай жай табар ем.
Тілінен бұлбұл құстың қуат алып,
От ауыз, орақ тілдім қайта келген!
Алтын арқау көгіңде көгердім бе,
Қонарын Раббым білер өнер кімге.
Желқобызым, жарқ етіп жұлдыз жандың,
Бақытқа бөлекше бір бөлендің де.
Басына Қабан жырау бір түнеп ең,
Есімің содан шықты дүркіреген,
Қара өлең қасиеті қона қалып,
Найзағай отын бүркіп күркіреп ең.
Адастырмас Аймаңдай жырым да сен,
Арылмас алабөтен сырым да сен.
Құсни-сөз құдіретің тыншу бермес –
Ақ жамбы аламанға бұрылмас ем!
Жете боп жетпіс ата жатқан елім,
Ноқта аға атанып ең тақта керім.
Бас алмақ – Тезек төре ақырғанда,
«Кәзап төре» – жаусың деп айтқан ерім!
Әділдікті ар тұттың ғұмырда сен,
Тектен текке Тезекке ұрынбас ең.
Жәлменде дәргейіне келіп тұрып,
Мәйкені алам деген мұңың да әсем.
Бөрідей соқпақ салдың алыс қырға,
Жолбарыс боп секірдің, алыстың да.
Шәкәрімнің алдында ерен самғап,
Ұлы Абаймен сырластың таныстың да.
Сөз патшасы төрінде күлімдедің,
Арқада Қыпшақбайдан сүрінбедің.
Шалқар көңіл, ақындық шабыт буы –
ұзатылмақ Мәйкеге ұрын келдің!
Тепсеңнен текке, білем, із кеспедің,
Қазаққа қиғаш қыртпен үндеспедің.
Үрген мес мырзалардың мысын басып,
Көкте Тәңір өзімен тілдескенің.
Дәрия, жайнақ бейне ұлыс-нарым,
Жамбылмен жұртқа аян ұғысқаның.
Бәйшегір Сүндетбайдың асында сол,
Сүйінбай сүлейіммен тұрысқаның.
Жанартау жалын жырдың басы шырай,
«Үйсін-Найман бас қосса, нақысың-ай!».
Бодау, Уәйіс, Әсеттер алқалап, беу,
Арқада айдыныңыз тасып тұр-ай!
Ғұмырдың айтып келмес бұралаңы,
Алғы күн қайткенмен де мұнар әлі.
Хан алдында қасқайып қайтпай әсте,
Кім қазір дәл өзіңдей тұра алады?!
Мәйке сұлу жаз етті өміріңді,
Көктемеде дөп тауып көңіліңді,
Жампозыма жыр қосам қиқулатып,
Жаңғыртып жері жұмақ өңірімді.
Бағаласаң басыңа бақ келеді,
Шамаласаң шамаңа шақ келеді,
Шағантауға шығандап шыққан, Бақа,
Шабыт беріп, шалқарға баста мені!
Қайсыңды әз бабама ұқсатайын,
Мәз болам кәрі-жасым ұқса дәйім.
Мұқалыдай жеңіліп көрмеген бір –
Қазақта хас жүйрікке нұсқа дайын!
Тұнығында байтақ жер тұнады өлең,
Құп көреді қыр дала, құба белең.
Бір ақберен Бақаңнан бата алғанша,
Тұғырыңда Ту ұстап тұра берем!
Әміре ӘРІН
Медет ЖҰМАБАЙ






