1990 жылдары бұрынғы Кеңес одағы ыдырап, әр республика өзінің тәуелсіздігін жариялаған соң тәуелсіз елдер бірінен соң бірі ұлттық валютасын бекітіп, айналымға енгізе бастады. Аталған тарихи оқиғадан Қазақстан да қалыс қалмады. Осылайша, 1993 жылы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды. 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға шықты. Содан бері төл теңгеміз азаттығымыздың айшықты белгісі ретінде экономикамыздың дамып, гүлденуіне қызмет етіп келеді.
Теңгеміз арқылы біз дербес ел екенімізді сезіндік. Себебі, Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Әбілқайыр хан, Абылай хан сынды халқымыздың асыл тұлғалары бейнеленген төл теңгеміз мемлекеттің нағыз тәуелсіздігін күллі әлемге жария етті.
Қазақ валютасының дизайнын Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов жасаған. Теңгеміз ең алғаш Ұлыбританияда басылып шыққанын да атап өткен жөн. Тұманды Альбион елінің Harrison&Sons фирмасында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы банкноттар басып шығарылды. Басылым ұсынған деректерге сәйкес қағаз ақша елімізге ұшақтар арқылы бас-аяғы 18 рейспен 8 күн ішінде жеткізілген екен. Одан бөлек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қағаз тиындар да басылып шығарылды. Олар отандық цехтарда басылды. Алғашында шет мемлекетте шыққан қағаз теңгеміз бүгінде Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында басылса, темір тиын Өскемендегі Монета сарайында құйылады.
1997 жылы Президенттің Жарлығымен 15 қараша – Теңге күні әрі Қаржыгерлер күні болып бекітілді. Содан бері еліміздің әрбір азаматы осынау күнді мемлекетіміздің басты белгілерінің бірі – Ұлттық валюта күні ретінде атап өтеді.
Ұлттық валютаның тарихын білу, оның даму жолдарын зерделеу әрі қарайғы стратегияларын талқылау өте маңызды. Себебі, азаттықты сан ғасырлар бойы аңсаған ата-бабамыздың арманы орындалып, төл теңгеміздің арқасында тәуелсіздігіміз нығайды.
Теңгемізді ұлықтау – елдігімізді ұлықтаумен пара-пар. Олай болса, еліміздің мемлекеттігі баянды, төл теңгеміздің құны жоғары болсын!
Айдар ҚАЛИЕВ





