Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті салтанатты түрде қарсы алды. Кездесу барысында екі мемлекет басшысы Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ықпалдастықтың қазіргі деңгейі мен келешегі жөнінде пікір алмасты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанды Қазақстанның стратегиялық серіктесі, бауырлас мемлекет әрі ең жақын шекаралас көршісі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, екі елді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық қарым-қатынас, ортақ тарих, тіл және мәдени байланыстар біріктіреді. Сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстардың да қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
– Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Дегенмен, алға қадам басу қажет. Бүгінгі кездесуде маңызды мәселелердің нақты шешімін бірлесе табамыз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстан тарапынан көрсетілген жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ол Қазақстан Президентіне түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің ізгі сәлемі мен тілегін жеткізді.
Сердар Бердімұхамедовтің айтуынша, қазіргі таңда Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы қатынастар достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттарына негізделіп, табысты дамып келеді. Ықпалдастық саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтып отыр.
Кездесу барысында тараптар екіжақты серіктестікті одан әрі нығайту, өзара тиімді жобаларды іске асыру және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.





