Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов екі ел арасындағы қарым-қатынасты Орталық Азия кеңістігіндегі стратегиялық серіктестік деп атап, оның тарихи әрі рухани негіздерінің тереңде жатқанын айтты.
Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Түрікменстанды ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ортақ тарихи тамырластық, мәдени-рухани ұқсастық пен салт-дәстүрдің жақындығы біріктіреді. Бұл бауырлас халықтар арасындағы берік байланыстың басты тірегі.
Сердар Бердімұхамедовтің айтуынша, екі ел бүгінде саяси-дипломатиялық салада жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы әрі жүйелі ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелерінде Қазақстан мен Түрікменстанның ұстанымдары ортақ.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшылары Түрікменстан Президентінің бұл сапары екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті.





