Жетісу облысында тергеу изоляторында есірткінің зияны туралы профилактикалық әңгіме өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері алдын алу кеңесімен бірлесіп, тергеу изоляторында отырғандарға есірткі қолдану мен таратудың салдарын түсіндіру мақсатында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Уақытша ұстау изоляторында түсіндіру жұмыстары жүргізу есірткі қылмысына қарсы жүйелі күрестің маңызды бағыты. Себебі дәл осында көптеген азамат қате таңдаудың салдарын бастан өткеріп жатқан сәтте зиянды түсіну мен өмірге жаңа көзқараспен қарау мүмкіндігіне ие болады.
Полиция қызметкерлері есірткінің ағзаға әсері, адамның психикасы мен мінез-құлқына тигізетін ықпалы, отбасы мен болашаққа әкелетін кері салдары туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ заңсыз айналымға тартылудың себептері, қауіпсіз деп қате саналатын заттар туралы кең тараған мифтер және заң алдындағы жауапкершілік мәселелері де түсіндірілді.
Шара ашық диалог форматында өтті. Мамандар тыңдаушылардың сауалдарына жауап беріп, кез келген зиянды әдеттен арылу үшін дұрыс шешім қабылдаудың маңызын атап өтті. Ең бастысы адамның саналы түрде есірткісіз өмірді таңдауға дайын болуы.
Мұндай профилактикалық жұмыстар тұтқындарға тек ақпарат беріп қана қоймай, олардың болашағы жөнінде ойлануына, тәуелділіктен арылып, қылмыстан бас тартуға ынталандырады. Себебі мәселені түсіну оны шешудің алғашқы қадамы.
Есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Оның мақсаты адам өмірін сақтау, қателіктердің қайталануына жол бермеу және әр азаматқа денсаулық пен заңды таңдауға мүмкіндік беру.





