Талдықорған қаласындағы Шахворостова көшесі су бұру желілерін тарту кезінде қазылып, өткен айда қалпына келген болатын. Бүгін біз сол жерге арнайы барып, көріп қайтттық.
Аталмыш көше қазылған соң, біраз уақыт ашық жатқан еді. Жолдың бір бөлігі жабылып, көліктер айналып өтуге мәжбүр болды. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін де асфальт жабындысын қалпына келтіру біразға созылған. Дәл осындай жағдай Шевченко және Құрманов көшелерінде де орын алды. «Талдықорған қаласында сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы» жобасы аясында бұл аумақта «Диас Проект» ЖШС су бұру желілерін төсеу жұмыстарын жүргізген.
14 қазанда қала әкімі Ернат Бәзіл аталған көшелерге барып, жер қазу жұмыстарынан кейін асфальттың уақтылы төселмегенін көріп, мердігердің жұмысын сынға алған еді.
– Халықтың күнделікті жүретін жолы – бірінші кезектегі мәселе. Жауапкершілікті сезініп, бір апта ішінде көшелерді толық қалпына келтіруді тапсырамын. Бұл жерде сапа мен уақыт – басты талап, – деді Ернат Бәзіл.
Кейін, 20 қазанда шаһар басшысы қайта барып, жол жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Шахворостова, Шевченко және Құрманов көшелерінде қалпына келтіру жұмыстары қазіргі уақытта толық аяқталды.

Ендігі уақытта аталған көшелерді біз де бақылап, қыс өткен соң, көктемдегі жағдайын да назарларыңызға ұсынамыз.





